8.06.2018, 16:25
Оқылды: 12

Зеленов ауданында оқушылар арасындағы әскери-далалық оқулар аяқталды

Зеленов ауданында жыл сайын оқушылар арасында бес күндік әскери-далалық жиынын өткізіп келеді.

Әскери-далалық жиынға 10-сыныпты аяқтаған оқушылар қатысты.

Бес күн бойы әскери өмірге теңестірілген жағдайда жаттыққан оқушылар граната лақтыру, кермеге тартылу, 100 және 3 мың метрге жүгіру бойынша сынақтар тапсырып, саптық дайындықтарын пысықтады.

Биылғы оқу-далалық жиынын қорытындылаған салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы Ғабдылжәлел Ниязəлиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин қатысты.

Алдымен далалық-оқу жиынының басшысы Аслан Дәкешев оқушылардың салтанатты жиынға дайындығы туралы подполковник Ғабдылжәлел Ниязəлиевке рапорт жасады. Кейін алаңға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы кіргізіліп, Мемлекеттік Гимн ойнады.

Әскери өмірдің қыр-сырына қаныққан оқушыларды далалық жиынның аяқталуымен құттықтаған Тілекбай Қажымұратұлы:

- Жылдағы дәстүр бойынша биыл да ауданымыздың алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен білім бөлімі далалық-оқу жиынын ұйымдастырды. Бұл шараның жас ұрпаққа берері мол. Мұнда оқушылар өзге мектептерден келген ұлдармен танысып, жаңа дос табады.  Бұл жиын рухани және патриоттық тәрбиеге баулиды. Осы бес күн ішінде үйренген машықтарыңыз ел қорғау ісінде пайдаға асады деген сенімдемін, - деп оқушылар мен ұстаздарды жиынның аяқталумен құттықтады.

Сондай-ақ шара барысында ұстаздық шеберліктерін танытып, далалық жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған мұғалімдер аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысының алғыс хатымен марапатталса, 100, 3000  метрге жүгіру мен кермеге тартылу және граната лақтыру сынында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар білім бөлімінің басшысы атынан берілген мақтау қағаздарын иеленді.

Салтанатты шара оқушылар взводтарының саптық шеруімен қорытындыланды.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале