20.09.2017, 15:31
Оқылды: 20

Зеленов ауданында «Он төрт» кітабының таныстырылымы өтті

 

Шараға кітаптың авторы Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, талантты журналист, тележүргізуші Мұнайдар Балмолда арнайы келді.


Сондай-ақ «Он төрт» романының басты кейіпкері Ғұбайдолла Әнесовтың рулас туыстары Ақтөбе қаласынан арнайы келген Алтынай Құрманғалиева мен Мичурин ауылында тұратын жерлесіміз Бекқали Бержанов қатысты. Кітаптың жарық көруіне алғашқылардың бірі болып қолдау танытқан азамат «Жайық Пресс» ЖШС Бас директоры Жантас Нәбиоллаұлының қатысуы да оқырманға қуаныш сыйлады.

Мұнайдар Балмолданың бұл еңбегін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда өңірде атқарылған толымды іс деп бағалап, кітаптың оқырман арасында кең тарауын әуелгі мақсат еткен едік. Кітаптың жазылу мақсаты, «Он төрт» аталуының сыры, тағдыр тәлкегіне ұшыраған оғландардың түпкі мақсаты туралы шешіле сөйлеген автор болашақтағы жоспарымен де бөлісті.

– Бұл туралы үлкендеріміз өзара сыбырлап қана сөйлесетін, біз қазбалап сұрағанымызда тиып тастайтын, - деген Ғұбайдолла Әнесовтың туыстары біраз жыл үй маңын торуылдап жүрген «Үш әріптің» қыспағынан  сақтанып, ұрпақ амандығы үшін ағайын арасының алшақтап қалғанын да жасырмады.

Авторға аудан басшысының шынайы алғысын жеткізген орынбасары Асылұлан Досжанов ат мінгізіп, Ақтөбе қаласынан арнайы келген Алтынай Рахметоллақызына қазақы дәстүрмен сый-сияпат ұсынды.

Әрине, шынайы тарихқа негізделіп жазылған дүниенің әр бетін парақтап оқу қажет. Кітап оқылса ғана ұлтқа, қоғамға қызмет еткені. Сондықтан жұмыр дүниенің жұрт қолынан табылғанын қалар едік. Біздік мақсат, әсіресе, жастарымыздың ұлттық рухтан сусындап, төл тарихты тануы.

М.Балмолда бір сұхбатында «Менің шығармашылық жолымның өзегі біреу болғанмен, арнасы сан тарау Жайық өзені секілді. Бірақ әр саласы да өзім үшін қымбат, төл перзентім тәрізді тәтті», - деген екен. Сан тарау арнаңыз суалмай, шығармашылық шыңдарын бағындыра беріңіз, - деген тілек білдірдік, біз де.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале