5.05.2018, 11:22
Оқылды: 24

Зеленов ауданында Отан қорғаушылар күні аталып өтті

DSC_0084Зеленов ауданындағы орталық алаңда Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

1992 жылдың 07 мамырында Жоғарғы Бас Қолбасшы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық армиясын құру туралы Жарлыққа қол қойып, бұл күн Отан қорғаушы күні ретінде тарихқа енген болатын.

Қарулы күштер қатарында қызмет етіп, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуші тұлғаларға құрмет көрсетілген шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы кіргізіліп, мемлекеттік Гимн орындалды.

Жиналғандарды мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық қазақстандықтарға, Ауғанның отты жолдарымен өткен ержүрек жауынгерлерге тағзым ететін ерекше мерекенің маңыздылығын атап өтті.

– Абыройы асқақтап, айбыны артқан еліміздің қарулы күші тәуелсіздік жылдарында нығайып, елдің тыныштығы мен қоғамның мызғымас беріктігін қасқайып қорғайтын құрылымға айналды. Өз Отанын қорғау әрбір азаматтың Конституциялық міндеті әрі қасиетті борышы болып қала бермек. Біздің Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін, - дей келе Чернобыль ардагері мен қызметін мінсіз атқарып жүрген әскери азаматтарды, үздік алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Келесі болып сөз алған аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Ғабдылжәлел Ниазалиев алдымен еліміздің қарулы күштерінің берік орнығуына үлес қосқан аға ұрпаққа ерекше құрметін жеткізді.

– Құрылған сәттен бүгінге дейін еліміздің қарулы күші қуатын арттырып, ірі мемлекеттік институтқа айналды. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға сүйіспеншілік, ерлік пен жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Еліміздің әр азаматы бүгінде Отанымыздың қорғаныстық қабілетін нығайтуға, халықтың игілдігі мен бейбітшілікті қорғауға лайықты үлесін қосуда. Отан қорғаушылар күні Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін нағыз ерлердің мерекесі, - дей келе жастарды еліне адал да абыройлы қызмет етуге шақырды.

Әскери-патриоттық әндер әуелеген шарада жас спортшылар Каратэ-до спорт түрінен көрсетілім ұсынып, мектеп оқушылары автомат жинап құрастырса, Зеленов колледжінің студенттері қоян-қолтық ұрыс тактикасынан қойылым көрсетті. Мерекелік шара одан әрі түрлі күштік құрылымдар мен мектеп оқушыларынан жасақталған саптың салтанатты шеруіне ұласты.

Н.Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале