31.05.2018, 14:44
Оқылды: 46

Зеленов ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті

 

Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған шара «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» деп аталды.

Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алған шарада сол бір зобалаң заманда солақай саясаттың құрбаны болған есіл ерлер бір минут үнсіздікпен еске алынып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Аудан тұрғындарының қатысуымен өткен тағзым шарасында тереңнен ой қозғаған аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Абат Көбенов тарихи күннің қадір-қасиетін атап өтті.

«Қазақ даласындағы аштық, репрессия – бұларлың барлығы отарлау саясаты механизмдерінің бірі. Бұл күнді біз қаралы күн деп атап өтіп, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатырғанын түсінуіміз қажет. Ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Оған 1937-інші жылғы репрессия келіп қосылды. Біздің елімізде 140 000-ға жуық адам жазықсыз жапа шегіп, лагерьлерге айдалып, 25 000 адам атылып кетті. Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміз қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресімен, азаттыққа ұмтылған қайсарлығымен келгендігін ұмытпауымыз керек» - деді өз сөзінде Абат Ізімғалиұлы.

Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Бекк Леонтийдің ұрпағы Роза Любавина:

–Бұл күн – мен үшін өте қастерлі күн. Қаншама уақыт өтсе де, сол зұлмат жылдар салған жара жазылар емес. Менің айтпағым – бүгінгідей бейбіт заманда елімізде әркез тыныштық болсын! – деді.

Одан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Меңдалиев сөз алып, солақай саясаттың астарына үңілді.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале