21.05.2018, 11:05
Оқылды: 16

Зеленов ауданында волейболдан турнир өтті

Зеленов ауданы орталығында екінші дүниежүзі соғысының ардагері, Ішкі Істер министрлігінің ардагері, Сәлімгерей Қожекеновты еске алуға арналған волейболдан  турнир өтті.

Ауданның бірнеше ауылынан жиналған үздік волейболшылардың басын қосқан жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев жарыс ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс ережесі бойынша екі топқа іріктелген комадалар жартылай финал жолдамасын сарапқа салды. Басқалардан оқ бойы озық болған Янайкин мен Белес Махамбет пен Переметный ұжымдары топтық кезеңді еңсеріп, финалға берілер жолдаманы сарапқасалуға мүмкіндік алды. Қорытындысында қарсыластарын қапы қалдырған Белес пен Янайкин командалары финалға жолдама иеленді. Ал үшінші орын үшін болған ойында Махамбет командасы переметныйлықтардан басым түсті.

Финалдық ойын. Бұған дейін қарсыластарын қоғадай жапырған екі ұжым. Құрамдары да мықты. Ойындары да көрерменді желпіндіреді. Екі ұжымның да ойыншылары допты бос жібермейтін шеберлер. Ойын өте қызықты өтті. Бірде янайкиндіктер бірде Белес командасының ойыншылары ұпай алып жатты. Итшығыс болған екі сет қорытындысында есеп тең. Ойын тағдыры үшінші сетте шешілді. Шеберлігі басым болған Янайкин командасы жеңіске жетіп, турнир жеңімпазы атанды. Бұған дейін аудандық жарыстарда осынша биік тұғырға көтерілмеген белестік ойыншыларға да бәрекелді айтамыз. Жарыс барысында командаларын алға сүйреп, үзік ойын көрсеткен  переметныйлық Расул Төлеуов «Үздік қорғаушы», Махамбет командасының ойыншысы Ринат Бүркітов «Үздік шабуылшы», янайкиндік Алтынбек Ерболов «Үздік байланыстырушы» аталымдарын иеленсе, Белес командасының көшбасшысы Жігер Сатқанов турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.

Жарыс ұйымдастырушылары жеңімпаздар мен жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале