20.09.2017, 17:28
Оқылды: 23

Зеленов ауданында жыл басынан бері 68 өрт оқиғасы тіркелді

 

Bokei dala ortiЗеленов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің берген мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айында 68 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға өсіпті.


Өрт оқиғасы Достық, Дариян және Переметный ауылдарында тіркелгендігі байқалады.

Мамандардың пікірінше, өрттің басты себебі ауыл шаруашылық техникасының өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмауы, өрт қауіпсіздігінің сақтауға жауапкершіліктің болмауы сынды адами фактор болып отыр.

Техниканың арнайы талаптарға сай болмауының себебін аудандық ауыл шаруашылық бөлімінен сұрап білдік. Мамандардың айтуынша, ауданда тіркелген үш мыңнан астам ауыл шаруашылық техникасының жартысына жуығы ғана арнайы тексерістен өткен. Дегенмен, дала өртінің шығу салдарын сол техникаға теліп қоюға тағы болмайды. Өйткені дала жұмыстарына жегілген тракторлардың дені ескірген. Шамалары келгенше иелері кем-кетігін түзеп, қосалқы бөлшектерін ауыстырғанымен, күн ұзағына қарқыны бәсең жүріспен жұмыс жасаған ескі техника кешкілікте шөп тиеп, ауылға қайтқанда шоқ шашады. Ешбір тракторшы даланы арнайы өртейін демейді, әбігерге салатын ескі техниканың зардабы. Ауыл шаруашылық мамандары дала өртінің өршуіне себеп болатын тағы бір жағдайды алға тартты. Былтыр шүйгін шыққан шабындықтың бәрі шабылмай, кеуіп қалған. Қураған шөптің тұтанып кетуіне темекі тұқылының өзі жарап жатыр. Сондай-ақ шаруалардың өткен жылы шабылмаған шөбін өртеп, ісіне жауапкершілікпен қарамауынан да кесірі аз емес.

Төтеншеліктердің берген мәліметінше, аудан округтерінде құрылған 22 ерікті өрт сөндіру құрылымындағы 356 адам жаз бойы дала өртін сөндіруге жұмылдырылған. Сондай-ақ 84 техника, 252 аспалы өрт сөндіргіш, 28 су сорғыш құрал пайдаланылған. Бұдан бөлек, еріктілер басқа да бірінші кезекте қолданылатын саймандармен қамтамасыз етілген. Құрал-сайман өз алдына, биыл өңірде өрт салдарынан адамдардың көз жұмғанын ескерсек, ерікті түрде ауыл-елі мен мал амандығы үшін көзсіз ерлікке баратын күресушілерге материалдық көмек көрсетілсе екен дейміз. Күн-түн демей, түтін көтерілген жақты бетке алып шаба жөнелетін жігіттердің шындығында өмір қауіпсіздігі де көп жағдайда ескерусіз қалады. Олардың өрт сөндіру маманы емес екендігін ескерсек, ерікті топ қатарында өртпен алысуын ерлікке балауға болар.

Биыл қауіпті кезең басталысымен Егіндібұлақ және Үлкен Шаған ауылдарындағы өрт сөндіру бекеттері өз жұмысын қайтадан жандандырыпты. Сондай-ақ облыс әкімі бекіткен «Қоғамдық төтенше жағдайлардан қорғау туралы» концепциясына сәйкес Рубежин ауылында өрт сөндіру бекетін ашу жұмысы қолға алынғанымен, қаржы тапшылығына байланысты іс аяғына жетпей тұр. Бұдан бөлек, өрт төтеншелік мамандар жергілікті полиция, ауылдық округ әкімдігі мен орман шаруашылығы жұмысшыларымен бірігіп, арнайы рейдтер жүргізуді де ұмыт қалдырмайды. Биыл сондай 14 рейд жүргізіліп, жадынамалар мен арнайы баннерлер таратылған. Бұл да өрттің алдын алу ісіне қосылған үлес.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале