19.02.2018, 11:51
Оқылды: 17

Зеленов шаңғышылары үздіктер қатарында

Зеленов ауданы Январцев ауылында шаңғы жарысынан оқушылар арасында ауданның ашық чемпионаты өтті.

Аймақтың барлық округтері мен Орал қаласынан және Бөрлі ауданынан келген жас шаңғышылар бәсекесінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талшынай Жүніс қатысушыларға сәттілік тілеп, ең үздіктері ғана жеңіске жетсін деді. Сондай-ақ қатысушыларды спорт ардагері, аудан атын талай байрақты бәсекеде көтерген шаңғышылардың бапкері Мұқан Айтуаров та құттықтап, жарыс өткізуге қолдау білдірген  аудан, ауыл әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Бірнеше жас ерекшелігі бойынша өткен жарыс қорытындысына келер болсақ: 2005-2006 жылғы шаңғышылар сынында Р.Зинанов ұлдар арасында,  А.Зайниева қыздар арасында үздік деп танылды. Ал 2003-2004 жылғы шаңғышылар арасында А.Жүгінісов пен Д.Ерсайынованың көрсеткіштеріне ешкім жақындай алмады. Ал жылдамдығы мен тартысы әлемдік сындардан еш кем түспеген 2002-2001 жылдары туған шаңғышылар сыны көрермен көңілінен шықты. Трассаны өту шеберлігі мен тактикалық тартыс, жоғарыға шыққан тұста шабуылдап, қарсыласының қателігін баққан спортшылар жиналған ағайынға әлем кубогі жарысында тұрғандай әсер қалдырды. Қорытындысында Л.Төлепбергенова мен Қ.Шекей үздік шықты.

Бұдан бөлек қатысушылар шаңғы эстафетасында да сынға түсті. 4 этаптан тұрған жарыс қорытындысында үшінші орын Переметный шаңғышыларына, екінші орын январцевтық спортшыларға, ал бірінші орын Орал қаласынан келген жүйріктерге бұйырды.

Жалпыкомандалық сынға келер болсақ Бөрлі шаңғышылары үшінші, Орал қаласының командасы екінші, Зеленов ауданы бірінші орынға ие болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен кубоктар табыс етілді.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале