10.09.2018, 15:45
Оқылды: 44

Зеленовта бірнеше мәдениет ошағына жөндеу қажет

Зеленов аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есептік жиыны өтті. Оған аталмыш салада еселі еңбек етіп жүрген сала мамандары қатысты.

zelenov madeniet (2)

         - Ауданда 36 мәдениет ошағы бар. Олардың 8-і бейімделген ғимаратта, ал қалған 28-і типтік ғимаратта орналасқан. Биыл 30 мәдениет ошағы газбен, ал 6-уы отынмен жылытылатын болады. Аудан өнерпаздары талай байқауларда жүлдегер де атанды. Алайда күрмеуі күрделі мәселелер де жоқ емес. Мәселен Зеленов ауданы Ресей Федерациясымен шекаралас болғандықтан, көптеген іс-шаралар мен кездесулер ауданымыздың үлкен мәдениет ошақтарында ұйымдастырылып тұрады. Алайда сол клубтар заман талабына сай жөндеу, сахна киімдері, музыкалық аппаратуралар қажет етеді. Әсіресе- Егіндібұлақ, Володар, Трекин, Махамбет ауылдық клубтарына күрделі жөндеу жасау қажет.

         Бұдан бөлек, Достық, Щапов және Макаров ауылдарында мәдениет ошақтарының ғимараттары жоқ, - деді аудандық мәдени демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Намазова.

Ал өз кезегінде баяндама жасаған Зеленов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева аудандағы кітапханалар жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Жеңісгүл Қалиқызының айтуынша, аудандық кітапханаларда телефон желісі болмағандықтан, интернет желісі де жоқ көрінеді. Халық саны 500-ден асатын 28 кітапханаға интернет желісін тарттыру тағы да басқа қызметтерді қоса есептегенде әр кітапханаға 10 миллион теңге көлемінде қаражат қажет. -Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген жақсы тәмсіл бар. Біз бүгінгі жиынды күрмеуі күрделі мәселелерді ортаға салу үшін жиналып отырмыз. Кейбір ауылдарда мәдени ошақтардың жоқтығынан да хабарымыз бар. Мәселен, менің әріптестерім таяуда Щапов ауылында болып, оған көз жеткізді. Бұл мәселелер алдағы уақыттарда оң шешіледі деген сенімдемін. Сондай-ақ интернет желісін тарту мәселесін де қажетті деңгейде шешетін боламыз. Әрине, біз замана көшінен қалмауымыз қажет, - деді Асхат Берлешұлы.

Жиын барысында көкейкесті сұрақтар қойылып, оған толымды жауаптар берілді. Мәселен, келешекте кітапханаларды заманауи жабдықтармен жабдықтап, оқырман үшін толық жағдай жасау қажеттілігі айтылды.

Аудан басшысы ол үшін еліміздің бас қаласы Астана және Алматы қалалары мен Ресейдің Мәскеу қаласына іссапарлар ұйымдастырып, арнайы маман жіберуді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы Радик Ихласовқа жүктеді.

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале