23.02.2018, 15:59
Оқылды: 62

Зеленовта биыл «Туған жер» жобасы аясында 35 жоба іске асады

Зеленов ауданында «Рухани жаңғыру – уақыт талабы» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Нарымбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Мұханбетов және барлық аудандардың ардагерлер кеңесі төрағалары мен мәдени қызметкерлері қатысты.

Ауданға келген мейманда «Менің елім» монументіне тоқтап, «Достық» Мәдениет үйін аралады. Одан әрі «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру алаңы» жұмысымен танысты.

Рухани жаңғыру үрдісінің аяқ алысын бағамдап, келелі кеңесте бас қосқандарға қош келдің айтқан Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров аудан деңгейінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Бағдарламаның «Туған жер» жобасы арқылы әр ауылда игі бастамалар қолға алынып, шағын мұражайлар жасақталуда. Қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «Менің елім» монументі орнатылып, «Ана мен бала» саябағы іске қосылды. Балалар спорт алаңдары жасақталып, ауылдарда мұз айдындары құйылды. Мәдениет үйінен «Рухани жаңғыру алаңы» құрылып, осы бағыттағы барлық жұмыстың ұйтқысына айналып келеді. Жергілікті шығармашыл жандардың жинақтарын жарыққа шығару қолға алынды. Аудан өлкетанушыларының ізденісі нәтижесінде жинақталған материалдар ел назарына  ұсынылуда. Биыл «Туған жер» жобасы аясында ауданда нақты 35 жоба іске асырылмақ.

Одан әрі тізгінді алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Нарымбетов басқосудың маңыздылығын сөз етіп, өзара сабақтастыққа негізделген байланыстың өзектілігін алға тартты. Рухани жаңғыру аясында атқарылар жұмыстар белгілі жоспарға орайластырылып, нәтижеге бағытталған жағдайда ғана ел игілігіне жарайтынын айтып өтті.

Кеңесте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған міндеттердің орындалу барысына тоқталды. Өңіріміздің барлық аудандары мен Орал қаласында жасалған оңды істерді тілге тиек еткен Ғабидолла Абдоллаұлы қоғамға қозғау салар бағдарламада көрсетілген әр міндетті атқаруда жұдырықтай жұмылу керектігін баса айтты.

Одан әрі кеңесте «Бабалар аманаты» мектебінің жетекшісі, өлкетанушы, ғалым  Жайсаң Ақбай «Саналы ұрпақ, иманды ұл, инабатты қыз тәрбиелеудегі ата-әжелердің рөлі» тақырыбында баяндамасын жасады. Жиналғандарға ұлттық тәрбиенің барлық жақсы жақтарын тізіп берген Жайсаң ақсақал: - Әр елдің өз ата кәсібі болады. Қытай еңбекқор, жапон халқы өте білімді. Біздің қазақ халқының мал өсірудегі шеберлігі мен төрт түліктің бар мүмкіндігін пайдаланғаны осы күні аңыз. Рухани жаңғыру - ұмытыла бастаған өнерімізді жаңғыртып, оны осы заманға бейімдеу, - деді.

Кейін БҚМУ жанындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» институтының директоры А.Тасмағамбетов Елбасы жүктеген міндеттердің өңірдегі белді оқу орнында қалай жүзеге асып жатқанына тоқталып өтсе, «Заман ағымына икемделу дәуірінің жағымды жақтарын бойға сіңіре отырып, ұлттық кодымызды сақтау жұмыстары» атты баяндама оқыған Зеленов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Әжкенов те кешегі мен бүгінді ұшастырыа отырып, ұрпақ тәрбиесін жандандыра түсу төңірегінде ой қозғады.

– Рухани жаңғыру - Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жоба. Мұнда әрбір отандасымыздың -Ұлы дала елінің азаматтарының заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, эволюциялық дамуды жақтайтын, ашық, саналы ұрпақ болуы керек екені аталып көрсетілген. Міне, осындай ұрпақты тәрбиелеу жолында рухани байлықтың негізі болып табылатын музейлерге ерекше міндеттер жүктеліп отыр. Өйткені халқымыздың рухани асыл дүниелерін жинақтап, жаңғыртып, еліміздің, өлкеміздің кешегісі мен келешегін жалғап отырған үлкен көпір іспеттес рухани мәдени мекеме - музейлер,- деген облыстық өлкетану мұражайының директоры М. Ерсаев өлке тарихшылары мен музей қызметкерлерінің бағдарламаны іске асырудағы тың бастамалары мен өңірдің киелі жерлері туралы мағлұматтар беріп өтті.

Кеңес жұмысын қорытындылаған М.Мұхамбетов Сырым және Бөрлі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары А.Ғалымов пен С.Мырзағалиевке «Еңбек ардагері» медалін табыстап, көпшілік назарына зеленовтық көркемөнерпаздарының шағын концерті ұсынылды.

Т.БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале