9.10.2018, 15:21
Оқылды: 56

Зеленовта Елбасы жолдауын талқылады

 Зеленов ауданы орталығында Қазақстан Республикасының президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылаған аудан активінің жиыны өтті.

DSC_0018

Аудан әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйым жетекшілері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласының қызметкерлері, үкіметтік емес және қоғамдық келісім ұйымдарының өкілдері қатысты.

Алдымен Елбасы жолдауында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар жайын баяндаған Асхат Берлешұлы:

-Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы жолдауы бұған дейін жүзеге асырылып келген стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы. Жолдау еліміздің, өңіріміздің дамуына тың серпін берер басты құжатымыз. Онда айтылған әр міндет, әр бағдарлама жоспарлы түрде жүзеге асуы керек,- деді.

Аудан басшысының айтуынша Елбасы тапсырған 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есе өсірілген жағдайда ауданда жұмыс жасайтын 4 мыңнан астам қызметкердің жалақысы 35 пайызға өседі екен. Сондай-ақ 352 дәрігер мен медбикенің айлығы 20 пайызға өсетіні де көңілге қуаныш ұялатады. Бұдан бөлек мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері мен қызметкерлерінің де жалақысы өсетін болады.

Бірсөзбен ауданның ауылшаруашылығы дамып, кәсіпкерлер ісін кеңейтуге мүмкіндік алған. Өйткені Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Ең бастысы ұстаздардың мерекесі қарсаңында мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы тапсырма берілуін барша қазақ елі үлкен ықыласпен қабылдағанын аудан басшысы қуанышпен жеткізді.

Сондай-ақ бұқаралық спорттың қолжетімді болуына да баса назар аудару керектігін тапсырылғандығын тілге тиек еткен Асхат Берлешұлы спорт саласын дамыту ісі бір сәтке де тоқтамайтынын айтты.

DSC_0004

Жастарды да көңілден таса етпейтін Елбасы «Жастар жылын» жариялаған болатын. Бұл жай ғана қолдау емес екенін атап өткен аудан басшысы ел болашағы саналатын жастар жылын арзанқол флешмобтармен емес, мазмұнды да мағыналы жыл етіп өткізу керектігін тапсырды.

Жиын барысында жас кәсіпкер Гүлсім Иржанова ел үкіметі мен Елбасының кәсіпкерлік саласын дамытуда атқарып отырған ісі жайында баяндап, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тағы бірнеше жылға созылуы кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін беретінін айтса, денсаулық сақтау саласының қызметкері Әсем Темірғалиева медицина, Галина Терехова спорт пен туризм, Тілек Залмұқанов кәсіпкерлік, Сағыныш Нұржан жастар саясаты салаларында қандай жетістікке жеткенімізді, болашақта қай бағытта жұмыс жасау керек екенімізді баяндамаларында атап көрсетті.

Актив отырысының соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев Елбасы жолдауын түсіндіруге арналған жиынның қарарын жариялады.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале