18.09.2017, 11:44
Оқылды: 34

Зеленовта Еңбек еріне мемориалдық тақта орнатылды

Зеленов ауданында Социалистік Еңбек Ері, Зеленов ауданының Құрметті азаматы, 2 мәрте «Ленин» орденінің иегері Қарипулла Шүйінішұлы Абдушевке мемориалдық тақта орнатылды.


Салтанатты шараға аудандық мәслихат хатшысы Р.Исмағұлов, аудан әкімі аппараты басшысы М.Залмұқанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Жүніс, мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері қатысты. Қарипулла Шүйінішұлы арамызда жүрсе дәл осы күні 79 жасқа келер еді. Бас қосқандар алдымен марқұмға зиярат етіп, рухына құран бағыштады.

Социалистік Еңбек Ерінің өзі тұрған үйіне орнатылған мемориалдық тақтаны ашу құрметі аудандық қоғамдық Кеңес төрайымы Л.Шмарина мен Қ.Абдушевтың кенже ұлы, екінші рангалы капитан Амангелді Қарипуллаұлына берілді.

– Ағымдағы жылдың маусымында БҚО Мәдениет ескерткіштерін қорғау және мемориалдық тақта орнату мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Зеленов ауданы Зеленый ауылының тұрғыны, Социолистік Еңбек Ері Абдушев Карипулла Шүйінішұлының құрметіне мемориалдық тақта орнату туралы өтініш қаралған болатын. Облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжановтың төрағалығымен өткен отырыстың №1 хаттамасы негізінде өтініш қанағаттандырылды. Ол жылдары санаулы адамдар ғана осынау «Социолистік Еңбек Ері» деген ең жоғары құрметке лайық болды. Солардың бірі - Қарипулла Шүйінішұлы. Қарахаң ауданның құрметті азаматы атанып, көзі тірісінде халқының ықыласына бөленді. Халқымызда өлі жебемей, тірі байымайды, - деген түсінік бар бар. Өмірден өткен жан туралы кітап жазылса, мүсін қойылса, тақта орнатылса, ол кейінгілерге сауап, болашаққа сабақ дер едім. Бүгін сол үрдіс жарасымды жалғасын тапты.  Бейнетке батып жүріп, елге адал қызмет еткен азаматтың атын әлі де дәріптеп, есімін көшеге беру ойымызда бар. Олар салған еңбектің ізі әлі де жоғалған жоқ. Тәуелсіз елдің өрендері бүгін де еңбек қоғамына жұмылуда, - деді шарада сөз алған мәслихат хатшысы Рамазан Тастайұлы.

Салтанатты шарада сөз алған немере ағасы Тоғжан Дәулетұлы, інісі Қадырбай Абдушев, қонақтар мен еңбек ардагерлері ел ағасының артында қалған ұлағатты ісі туралы баяндап, отбасына шапағат тіледі.

Қ.Абдушев 1938 жылы 17 қыркүйекте Орал облысы Фурманов ауданы Бесқұдық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Шүйініш алдымен мал дәрігері, кейін Талдықұдық кеңшары директорының орынбасары қызметін атқарған. Анасы Жұмазия сауыншы болған. Отбасында ағасы Қалиолла екеуі тәрбиеленген.

1942 жылы әкесі майданға алынып, Сталинград түбінде ұрысқа қатысқан. Соғыс жылдарының соңына қарай сарбаз Шүйініштің із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар келіп, қорғансыз жанұяның үмітін үзгенімен, 1947 жылы отағасы аман-есен оралған. Соғыстан соң  Ресейдің Энгельс қаласына қоныс аударған Қарипулла мектепке барады. Таңның атысы күннің батысы сауыншылық қызметтегі анасына қолғабыс қылған бала Қарипулла сол кезден еңбекке шыңдалып, балалық думаннан шет қала берді. Жеті кластық білім алған соң Энгельтің №33 механикалық-кәсіптік училищесінен тракторист мамандығын меңгереді.

Қарипулла Шүйінішұлы ресми еңбек жолын 1956 жылдан РФ Саратов облысы Ровен ауданы Луговой кеңшарында бастаған. Ол кезде анасы бел жазбастан кірпіш зауытында қызмет ететін.

Туған жерден дәм-тұз бұйырған отбасы 1958 жылы Орал облысының Зеленов ауданы Зеленое ауылына қоныс аударады. Келісімен «Ленин» орденінің иегері Абу Айтуғанов жетекшілік ететін бригада құрамында қызу еңбекке кірісіп кетеді. Жас жігіттің алғырлығы, жауапкершілігі өзі тақылеттес жұмысшылар арасынан оқшауланып, көзге түседі.

1958-1972 жылдар аралығында Зеленовтың «Путь к коммунизму» колхозында механизатор болып еңбек еткен Қарипулла Абдушевтің 1971 жылы еңбегі жоғары бағаланып, «За трудовую доблесть» медальімен марапатталса, 1972 жылы 3,5 гектар алқапты жалғыз еңсерген еңбегі үшін «Ленин» орденін кеудесіне қадады. Еңбектене жүріп білімін жетілдіре білген Қарипулла Шүйінішұлы бригадирлік қызметке ауысып, осы лауазымда 15 жыл табысты еңбек еткен. 1973 жылғы қуаңшылықта өзге колхоздар өнімсіз егін алқаптарын есептен шығарып жатқан күннің өзінде сауатты басқарылған Қ.Абдушевтің бригадасы гектарына 14,7 центнер өнім алып, облысқа танылған. Бұл еңбегі де еленіп, 1974 жылдың қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының өкімімен «Құрмет Грамотасы» табысталған.

Өзіне жүктелген міндетті мейлінше адал атқаруға деген азаматтық парызбен өрілген еселі еңбегі үшін 1976 жылғы 24 желтоқсандағы КСРО Президиумы Жоғары Кеңесінің өкімімен екінші мәрте «Ленин» орденімен қоса «Социалистік Еңбек Ері» атағы, «Орақ пен балға» алтын жұлдызымен берілген.

Еңбек майданында әбден шыңдалған ол 1980-1986 жылдары Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылық институтынан «Агрономия» мамандығы бойынша сырттай білім алды. Ауыл шаруашылығы өнімінің еселеп артуына қосқан сүбелі үлесі үшін еңбекқор азамат КСРО Жоғарғы Кеңесінің өкімімен 1984 жылы «Тың жерлерді игергені үшін», 1986 жылы «Еңбек ардагері» медальдарын иеленген.

1986 жылы зейнет демалысына шыққан Қ.Абдушевқа 1987 жылы Қазақ ССР-нің Әлеуметтік қорғау министрлігі «Одақ деңгейіндегі зейнеткер» дәрежесін тағайындаған.

1962 жылы өмірлік жары Қатима Шәріпқалиқызымен отау құрып, отбасында 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген. Еңбектің Ері атанған әке тәрбиесін алған ұл-қыздарының алды профессор атанса, кейінгілері де қоғам игілігіне үлес қосар білікті тұлға болып қалыптасты. Ұлағатты жанұяның тұңғыштары Мәдина ауыл мектебін «Алтын медальмен» тәмамдаған. Ауыл шаруашылық институтының «Агрономия» факультетінің ІІ курсын үздік аяқтаған соң РФ «Темирязов» атындағы Ауыл шаруашылық Академиясына ауыстырылған Мәдина ғылым жолын біржола таңдаған. Бүгінде ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор Мәдина «Н.И.Вавилов» атындағы Саратов мемлекеттік аграрлық Университетінде аға оқытушы. Одан кейінгі Бақытханым өзі түлеген ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әке кәсібін жалғап, техника тілін меңгерген ұлдары Есенгелді мен Нұрлан «Абдушев» шаруа қожалығының жұмысын басқаруда. Қызы Айғаным ветеринар, ұлы Ержан құрылысшы, тағы бір ұлы Тасболат агроном мамандықтарын игерген білікті мамандар. РФ Санкт-Петербург әскери-теңіз институтын үздік тәмамдаған кенже ұлы Амангелді Қарипуллаұлы бүгінде Ақтау қаласындағы ҚР әскери-теңіз базасы штаб бастығының орынбасары, басқару бөлімінің басшысы қызметінде.

Есімін еңбегімен ұлықтаған азаматтың артында қалған өрелі ісін жалғаған өнегелі ұл-қызы тәуелсіз елдің ертеңі үшін осылай тер төгуде.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале