25.04.2017, 10:50
Оқылды: 49

Зеленовта медиация заңының орындалуы көңіл көншітпейді

Бұл жайлы Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Шәуеновтің төрағалығымен өткен ауданның кәсіби емес медиаторларының кеңесінде айтылды. 


Оған жергілікті медиаторлар және аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Амангелді Төлегенов, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің медиация кабинетінің меңгерушісі Талшын Италиева, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің кәсіби емес медиаторы Роза Арыстанғалиева қатысты.

- Бүгінгі таңда медиация институты - маңызды институттардың бірі. Осыған орай біздің елімізде медиация институты қарқынды дамуда. Медиаторлардың міндеті – дауласушыларды келістіру, мүмкін болса – татуластыру, істі сотқа жеткізбеу. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV  сессиясында медиацияның дамуын Ассамблея қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Қазақстан халқы  Ассамблеясы бүгінде Қазақстандағы қоғамдық және ұлтаралық саладағы басты медиатор болып отыр,-деді Ринат Сатымұлы.

–Қабылданғанына осымен 6 жыл болған медиация туралы заң дұрыс орындалмай келе жатыр. Істің сотқа жетпей-ақ шешілуін ішкі істер орган қызметкерлері мен прокуратура қаламайды. Өйткені олардың жұмысының көрсеткіші тікелей осыған байланысты,-деген ол медиация тәртібі арқылы шешуге болатын істерді тізбектеді. Ол істерге алимент өндіру, ұсақ ұрлық, жер бөлісу мәселелері кіретін көрінеді. Дегенмен бұл заң әлі күнге дейін толық жұмыс атқармай келеді,- дейді аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Амангелді Борисұлы.

БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің медиация кабинетінің меңгерушісі Талшын Италиеваның айтуынша, бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек. Бұған дейін медиатор болуға 25 жасқа толған жоғары білімді азаматтар құқылы болса, енді ол тармақтарды өзертуді қажет етіп отырғандығын баса айтты.

Қатысушылардың сөзінше, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале