12.12.2016, 15:59
Оқылды: 72

Зеленовта мектеп пайдалануға берілді

 

Переметный селолық округіне қарасты Озерный ауылындағы  жаңадан бой көтерген білім ошағы халық игілігіне берілді.

Салтанатты рәсімге ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары  Мәншүк Әбдікәрім, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов қатысты.

- Бүгін – осы мектепте оқитын әрбір шәкірт үшін ұмытылмас күн. Баршаңызды жаңа ғимараттың ашылу салтанатымен құттықтаймын! – деп министрлік өкілі Мәншүк Сәметқызы ақжарқын тілегін жеткізді.

Сондай-ақ аудан басшысы Кәрім Жақыпов : «Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауы мен «Мәңгілік ел» идеясында жас ұрпақтың білім мен тәрбиесі басты назарға алынған. Соған орай мемлекетіміздің барлық шалғайында жаңа білім ордалары, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Соның бірі, қасиетті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Озерный ауылында бой көтерген білім ордасы», -деп жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, 48 орындық Киров жалпы білім беретін негізгі мектебінің құрылысы жазда басталған еді. Құрылысты «Отделстрой» ЖШС жүргізді. Аталмыш серіктестіктің директоры Валентина Михно білім ошағының символикалық кілтін мектеп директоры  Гүлназ Қалиеваға табыстады. Қазақи дәстүрмен шашу шашылып, ауыл тұрғындары мәре-сәре күй кешті.

Мектепте 44 оқушы білім алып, «Балбөбек» шағын орталығында 14 бала тәрбиеленеді. Он жеті мұғалім еңбек етеді.

Айшабибі Мәмет,

Суреттерді түсірген Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале