3.12.2016, 17:46
Оқылды: 50

Зеленовта облыстық айтыс өтті

          Переметный ауылында «Тəуелсіздік теңдесі жоқ байлығым» тақырыбында облыстық айтыс өтті. Айтысты аудан əкімдігінің, БҚО жастар саясаты мəселелері басқармасының қолдауымен республикалық жоғарғы технологиялық колледж жанындағы «Темір-Бүркіт» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

 Жалпақ жұртшылықпен қатар Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы, есімі елге белгілі ақын Ертай Бимұқанов, айтыскер жас ақындар Талғат Мықи, Мұрадым Мирланов, Меңдібек Лұқпанов, Естеміс Мұқанбетовтер де айтулы шараның куəсі болды.

- Осы уақытқа дейін халқымыздың ұлттық дəстүрін насихаттау мақсатында түрлі іс - шаралар, ұлттық ойындар ұйымдастырып келеміз. Бүгін бірінші рет айтыс өткізіп отырмыз, - деді бірлестіктің төрайымы Эльмира Келбетова.

Жүйрік аттай желпініп, көмекейлеріне жыр сауалатып келген ақжайықтық Бекболат Қаленов, Абылайхан Мақсотов, оралдық Абзал Каримолла, Асланбек Шығыров, Азамат Базарбаев, қаратөбелік Райымбек Өтепов, сырымдық Мақсат Тұяқ сынды төкпе жырдың жас өкілдері қатысты.

Оралдық Асланбек Шығыров  ІІІ орын иеленсе, ІІ орын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл мен Азамат Базарбаевқа бұйырды. Ал І орынды көпшілікті талантымен таңдай қақтырған жас дарын қаратөбелік Райымбек Өтепов қанжығасына байлады.

Самал ЖАМЕТ

Зеленов ауданы

Суретті түсірген Түгелбай БИСЕН

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале