16.08.2018, 16:38
Оқылды: 57

Зеленовта спортшылар ұлықталды

Zelenov sport (1)Зеленов ауданы орталығында Спорт күні мерекесіне орай спорт ардагерлері мен спорт жанашырларын және аудан атын шығарып жүрген спортшыларды ұлықтау шарасы ұйымдастырылды.


Шараға аудан әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов, «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев және ауыл тұрғындары қатысты.

– Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық бағыттарының бірі. Елбасымыз Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айтып отырады.

Zelenov sportСпорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдарында спортшыларымыз түрлі додаларда топ жарып, көк байрағымызды көкте желбіретті. Бұл – ел спортының дамығанының көрсеткіші, – деп жиынды ашқан Ринат Сатымұлы спортшыларды айтулы мерекемен құттықтады.

«Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Мұсағали Сабырғалиұлы:

– Ел үкіметі спортқа мықтап көңіл бөліп келеді. Жыл сайын елімізде түрлі спорт кешендері салынуда. Болашақта ел спортшыларының алар асулары қазіргіден де биік болатындығын үлкен сеніммен айтуға болады. Барша спортшылар мен спорт ардагерлерін жанкүйерлерді Спорт күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді.

Одан соң БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаты ауданның үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Евгений Борзиковқа табысталса, «Спорт ардагері» төсбелгісімен Иван Юнусов, Алексей Понамарев және Валентина Мищенко марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар азаматқа «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалі, тағы бір топ ел азаматтарына «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тағылды.

Бұдан бөлек үздік шәкірттер тәрбиелеп, біраз белесті бағындырған ұстаздарға «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісі табысталды.

Спортшыларды ұлықтаған шара соңы Зеленов және Тасқала футзалшылары арасындағы жолдастық кездесуге ұласты.

Қос ауданның үздік футзалшылары бәсекесі 8:5 есебімен жергілікті ойыншылардың пайдасына шешілді.

 Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале