9.11.2018, 18:24
Оқылды: 52

Зеленовта тегін домбыра үйрету курсы ашылды

Зеленов аудандық мәдениет үйінің қызметкері, белгілі күйші, аудандық «Шежіре» халықтық, фольклорлық ансамблінің жетекшісі Аслан Ғизатов ауыл тұрғындарына тегін домбыра үйрету курсын ашты.

Переметныйлықтарды ұлттық өнерге баулуды мақсат еткен Аслан Сағынбайұлы:

- Шынын айту керек, кейбір мәдени-көпшілік шараларды өткізген кезде аудан орталығынан домбыра шертетін жан таппай қиналамыз. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қоғамдық негізде домбыра курсын ашуды ұйғардым. Ұлттық аспабымызға деген қызығушылықтың күн санап артқандығын қалаймын. Курс ашудағы басты мақсатым да ұлттық аспабымызға деген сұранысты арттырып, қызығушылықты ояту. Домбыра үйренемін деген жандарға уақытымды бөлуге әзірмін. Өнер үйрену еш уақытта кеш емес. Ынтасы бар әр азаматты қабылдаймын,- дейді ол.

Қазір Аслан Сағынбайұлының домбыра курсына келемін деушілер саны артқан. Көбіне мектеп оқушылары сабақ алуда. Тағы бір айта кететін жайт, курсқа жазылып, домбыра үйренгісі келген әр азамат алдымен шағын емтиханнан өтеді. Сондай-ақ бұрын домбыра шертіп, қазір ұмыта бастаған жандар да келіп, ескі машығын еске түсіре алады.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале