15.10.2018, 11:32
Оқылды: 61

Зеленовта «Zelenov INVEST-2018» инвестициялық форумы өтті

Дариян ауылының мәдениет үйінде өткен шараға облыстың бір топ лауазымды тұлғалары, Ақтөбе облысы Қобда және Мұғалжар аудандарының әкімдері мен кәсіпкерлері, Атырау облысы Жылыой ауданының, көршілес Ресей Федерациясының және ауданның кәсіпкерлері қатысты.

зеленов инвест (7)

         Қатысушылар алдымен аудан кәсіпкерлерінің көрмесін тамашалап, олар өндіретін бұйымдармен танысты. Форум ауданның тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнекөрсетіліммен басталды.

         Бүгінгі таңда ауданда 3327 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен. Олардың 3098-і белсенді жұмыс жасауда. Шағын бизнес субъектілерінің артуы жұмыс пен қызмет көрсету санының және өндіріс көлемінің өсуіне ықпал етіп отыр. Биыл өндірілген өнім көлемі 8,3 млрд. теңге.

-Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуде. Соның бірі - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Аталған бағдарлама басталғаннан бері 21,3 млрд. теңгеден астам ақшаға 109 инвестициялық жоба жүзеге асырылды және қаржыландырылды. Оның ішінде 2017 жылы тек 4,5 млрд. теңгеден астам қаржыға 29 жоба, биыл - 173,1 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды және қаржыландырылды, - деді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов.

Аудан басшысы орынбасарының айтуынша, индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында 62,6 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба қамтылып, 556 тұрақты жұмыс орны құрылды. Олар «Батыс-Пауэер» ЖШС-ның газ турбиналық электр станциясы жоба құны 17,1 млрд. теңге, «Жайық ЕТ» ЖШС құс фабрикасының құрылысы жоба құны 4,2 млрд. теңге, «Белес-Агро» ЖШС диірмен кешенін салу жоба құны 1,5 млрд. теңге және тағы басқа.

- «Бастау-бизнес» жобасы аясында 479 жоба 1 млрд. 700 мың теңгеге қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығын дамыту қашанда стратегиялық маңызға ие екендігі өздеріңізге мәлім. Сондықтан 89 пайыз қаржы агроөнеркәсіптік кешенге, ал 30 пайызы «start up» жобасына жұмсалды. «start up» арқылы адам өз кәсібін аша алады. Зеленов ауданы кәсіпкерлікті дамытуда еліміз бойынша алдыңғы орында, - деді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Иденов.

- Біз Зеленов ауданында шағын және орта бизнесті дамытуда көптеген іргелі істердің атқарылып жатқадығын көрдік. Тауарөндірушілердің кәсіптерімен таныстық. Біздің ауданда да кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен алдағы уақытта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыстанатын боламыз деген ойдамын. Ойымызды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлеріміз бен мамандарымызды да осы жиынға арнайы алып келдік, - деді Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

Форум соңында еліміздің көршілес облыстарынан келген меймандармен кәсіпкерлікті дамытуға байланысты бірқатар меморандумға қол қойылды.

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

зеленов инвест (1) зеленов инвест (3) зеленов инвест (5)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале