6.09.2018, 17:07
Оқылды: 29

Зеленовта жылыжай шаруашылығы дамып келеді

Бақша салып, кәсіпті тізгіндеген жанның бірі – зеленовтық Тұран Қажмұхамбетов.

DSC_0279

Сырым ауданы Абай ауылының тумасы Тұран бүгінде Трекин ауылы маңынан жылыжай ашып, ел алғысына бөленуде. Алғашқы алған өнімі облысымызға қарасты аудан-ауылдар мен  қалада сатылып жатыр.

-1992 жылы әскерден келгенімде ел іші алай-дүлей. Кеткенімде КСРО еді. Кері оралғанымда кеңестік кезең келмеске кетіп, ел егемендігін алып, тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан шағы болатын. Ол кез ешкімге оңай болған жоқ. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, кей тепсе темір үзер азаматтарымыз базар жағалап нәпақа тауып жүрді. Жөні түзу жұмыс таба алмай басында мен де сандалдым. Пәтер жалдау, азық-түлік, барлығы оңай болған жоқ. Кейін біраз кәсіптің басын шала жүріп өзіме тәжірибе жинақтадым, сөйтіп көптен бергі алға қойған мақсатым - баспанаға қол жеткіздім, - деді кәсіпкер артта қалған қиын кездерін еске алып.

Бүгінгі таңда кәсіп ашқан жанды мемлекеттіміздің елеусіз қалдырмайтыны қайсар мінезді жігіттің көкейінде үміт отын тұтатқандай. Ол кәсіп ашуды әуелден ойластырғанымен, қаржы-қаражатқа келгенде қиналатын. Қазақта «іздегенге – сұраған» деген тәмсіл бар. Жоғарыда көрсетілер көмек Тұранның өз кәсібін ашуға мол мүмкіндік берді

-Ой өз алдына. Іске асыру бір бөлек. Өңірде дамыған кәсіпкерліктің басқа салаларын саралай келе жылыжай ашу керек деген тоқтамға келдім. Бес жыл бойы жылыжай ісін түбегейлі зерттеп көрдім. Жыл он екі ай бақша егу технологиясын меңгердім. Ал қажетті сомаға несие рәсімдеу кезінде құжаттар жинақтауда қиындықтар кездесті. Жерді рәсімдеп, бизнес жоспарымды тапсырған соң «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қомақты қаржыға қол жеткіздім,- деді Тұран Махпозұлы.

Жылына екі рет өнім беретін жылыжай иесі қияр егуді толық меңгерген. Ақпан айында отырғызылатын өнімі ерте көктемде саттыққа шығарылады. Айналасы ат шаптырым болатын үш жылыжайдан шыққан өнімге сұраныс та көптеп түсетін көрінеді.

Жылыжай ісін жылжытуды бір кісідей меңгерсе де, жігіт ағасы болдым-толдым демей, білім-біліктілігі мен тәжірибесін одан әрі жетілдіруден еш танған емес. Бұл тұрғыда бұрыннан бақша егудің қыр-сырын жетік меңгерген жерлесі, махамбеттік Еркін Насыровпен ақылдасып, қала берді Өзбек және Қырғыз еліндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрады.

-Адам үйренуден, артық білім алудан қашпауы керек. Ата-бабаларымыз айтып кеткен білімдінің заманы келді. Сондықтан, кәсіпкер де білімге құмар болуы керек деп ойлаймын. Өзім қашанда білуге, білгенімді үйретуге әзірмін. Жуырда Мәскеу қаласында тұратын Владимир Цой атты профессорға кәсібімді көрсетіп, ептеп кеңес алдым.

Аудандық жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз жерлестерімнің тізімін берді. Сол азаматтарға жұмыс ұсына бардым. Басым көпшілігі бас тартқанымен, бірлі-жарым азамат жұмыс жасауға келісім берді, - деді кейіпкеріміз.

Жылыжайды аралап жүріп, бағбандықтың тынымсыз еңбекті қажет ететінін ұқтық. Әсіресе, қияр баптаудың оңай жұмыс емес. Мәселен, жылына екі рет жылыжай ішіндегі топырағын шығару, төбесін ашып, жабу біраз еңбек пен маңдай терді талап етеді. Егілген соң әр түпке судың баруы мен жылыжай ішінің температурасын қадағалауға қаншама күш кетерін өзіңіз саралап көріңіз. Бұдан бөлек дайын өнімді жинау деген тағы бар.

Тысқа шыққан бізге Тұран сонадайда тұрған үйді көрсетіп; «Қарамағымдағы жұмысшыларыма арнап салған баспанам» деді.

Баспанасы басында, қызметі қасындағы қызметшілердің алатын айлығы да мардымды.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

DSC_0275

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале