13.06.2018, 14:10
Оқылды: 18

Зеленовтық қос еңбек ардагеріне құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Асхат Шахаров сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагерлері Серік Отарғазиев пен Ольга Попованы қабылдады.

 Бар өмірін еңбекке арнаған қос ардагердің ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына тигізген үлесі ұшан-теңіз.

Еңбек ардагері Серік Отарғазыұлы ауыл шаруашығы саласының, ал Ольга Иванқызы гидротехника саласының жілігін шағып, майын ішкен нағыз еңбек адамдары.

Ел құрметіне ие Ольга Иванқызы әлі күнге дейін елмен бірге етене араласып, еңбек етіп келеді. Ол өңір аудандарына су құбырлары жүйесін жүргізу, түрлі гидротехникалық құрылымдарды орнату жұмыстарын жүргізеді.

Осындай елге сыйлы, еңбекке адал азаматтарды мерейтойларымен құттықтаған аудан басшысы Асхат Берлешұлы:

- «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» -дейді халық нақылы.

Бар өмірін еңбекке арнаған өздеріңіздей азамат-азаматшалардың ақ батасын алу - үлкен мәртебе. Өйткені, аға ұрпақтың еңбек жолы бізге, бізден кейінгі буынға үлгі. Келіп жеткен мерейлі 80 жастарыңыз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деп той иелерінің иығына қазақы дәстүрмен шапан, камзол жапты.

Өз кезегінде сөз алған ерен еңбек үлгісі Ольга Иванқызы:

- Мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары бойынша өңіріміздің барлық аудандарында жұмыс жүргіздім. Әлі күнге дейін қатардамын. Еңбегім еленіп, 2011 жылы«Құрмет» орденін тақтым. Құрмет көрсеткен Сіздерге рақмет,-деді.

Ал, бар саналы өмірін еңбекпен байланыстырған абыройы биік азамат Серік Отарғазыұлы болса:

-Мерейлі жасымызбен құттықтап, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Бұл басқосу - аудан басшылығының ардагерлерді көзден таса қылмайтындығының айқын көрінісі.

Зеленов ауданы әлі күнгенәпақасын егін шаруашылығынан тауып отырған бірден-бір аудан. Астық - тірі организм. Оны күтіп баптау көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан жастар егін егіп, еңбек етуден жалықпауы тиіс.

Қалада тұрсақ та ауылмен байланысымыз жақсы. Аудан орталығындағы көшелерге асфальт төселетіндігін естіп, қуанып қалдық.

«Үлкендер иіліп, кішілер үйіріліп тұрса, содан асқан бақыт жоқ» дегендей, аға буын мен кейінгі толқын арасындағы байланыс үзілмесін! - деп жасыл ауданға ақ батасын берді.

Шырайлы басқосуда қос ардагерге аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов құттықтау тілегін арнады.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале