26.12.2017, 15:35
Оқылды: 19

Зеленовтық спортшы ел чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді

Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында шаңғымен спорттық бағдарлаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын.

Аталмыш байрақты бәсекеде облыс намысын қорғаған жерлесіміз Естай Кеңгесбаев тамаша нәтиже көрсетті.  16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында сынға түскен ол ұзақ қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізді. Тек қана риддерлік спортшыларға жол берген Естай: -Бұдан да биік нәтиже көрсетуіме болар еді. Бірақ мен жарысқа аттанарда өңірімізде қар болған жоқ, шаңғымен жаттығу жасай алмадым,-дейді. Айта кетейік, Естай ел біріншілігіне аттанған кезде расымен де қалың қар жауа қоймаған еді.

Бұл жетістігімен тоқтай қоймайтын жас спортшы енді жаттығуын күшейтіп, ақпан айында Алматы қаласында өтетін біріншілікке дайындықты бастап кетті.  Жас болса да аудан атын алты қырдан асырып жүрген спортшының бапкері Серік Хайриллиннің айтуынша, елішілік жарыстарда біраз жетістікке жеткен Естай Алматыда жүлдеге ілінер болса, келер жылы Финляндияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне баруға мүмкіндік алады екен.

Қазіргі таңда қысқы универсиада мен әскери ойындардың, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы олимпиада бағдарламасына енген спорттық бағдарлаудың олимпиадаға да енетін күні алыс емес сияқты. Сондықтан бұл спортқа да жақсы көңіл бөлінсе екен дейміз.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале