30.01.2018, 10:58
Оқылды: 59

Зеленовтық жастар жаңа бастамаларды қолға алмақ

Зеленов ауданы әкімі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңес мүшелері Белес ауылында бас қосты. Ауылдық округтегі жастар ұйымдарының жетекшілері шақырылған отырыстың күн тәртібінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жұмысы сараланып, Көшім, Махамбет, Дариян ауылдық округіндегі жастармен атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды.

Ресурстық орталық басшысы Н.Ешмұратовтың мәліметінше, ауданда 11854 жас тұрады, бұл аудан тұрғындарының 21 пайызын құрайды. Ресурстық орталық «Жігерлі жастар» қоғамдық бірлестігімен бірлесе өткен жылы жастармен аудандық деңгейде 221 шара ұйымдастырса, ол шараларда 8431 жас қамтылыпты. Әсіресе, «100 нақты көмек» акциясының жұмысы ауқымды. Көмекке мұқтаж жандарға жастардың бастамасымен жасалған қолдау шаралары барлық округте жалғасын тапқан.  Қазіргі уақыттағы басты мәселе діни экстермизм мен кері діни ағымдардан жастарды сақтау болса, «Шапағат шамшырағы» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылып, жұмыстануда.

Басқосуда сөз алған Көшім жастары жетекшісі А.Асанов, Дариян жастары жетекшісі Р.Жаманбаева, Махамбет ауылдық округінің әкімі Т.Абубакиров аталмыш ауылдарда жыл бойы атқарылған жұмыстарын баяндап, биылғы жыл жоспарын пысықтады. Белес ауылдық округінің әкімі Б.Бадақов жастар белсенділігін арттыру арқылы қоғамдық іске жұмылдырудың жаңа тәсілдерін алға тартып, әлі де атқаруға болатын тың бастамалар туралы сөз қозғап, әр жаңалықта жастардың жарқын қолтаңбасы қалғанын қалайтынын жеткізді.

Биыл аудан жастары жаңа бастамаларды қолға алмақ. Олардың қатарында  ауылдардан әлеуметтік дүкендер ашу, қайырымдылық акциялары, жаңа бизнес жобаларды іске асыру сияқты бастамалар бар. Сондай-ақ аудан жастары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды тың қарқынмен жалғастыруға уағдаласты.

Н.Нәби

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале