22.10.2018, 15:44
Оқылды: 61

Зеленовтықтар білікті дәрігермен кездесті

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров елімізге белгілі медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Жиенәлиевті қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы ғалымды мерейлі жетпіс жасымен құттықтады.

zelenov dariger (1)

         – Сіз – елдің адамысыз. Өзіңіз туған топырақтың тұрғындары қашан да сізді мақтанышпен айтып отырады. Осыған орай шақыртуымызды қабыл алып, ауданға ат басын тірегеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Жалпы, сіздің елдегі медицина саласының дамуына қосып жатқан үлесіңіз зор. Сол сіңірген өлшеусіз еңбегіңіздің арқасында елге белгілі азамат ретінде танимыз, - деді Асхат Берлешұлы.

         Кездесу барысында бүгінгі ауданның тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатырған жұмыстар жайы сөз болды. Кездесу соңында аудан әкімі Болат Қанапияұлына шапан жапты.

         Ауданға келген білікті дәрігермен кездесу аудандық мәдениет үйінде өткен шарамен жалғасты. Мұнда Болат Қанапияұлы алдымен аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесін тамашалап, естелік кітапқа өз қолтаңбасын қалдырды. «Алғыстан алқа таққан абзал жан» атты шара алдымен профессор туралы бейнекөрсетіліммен басталды.

         - Мен туған ауданымның күн санап көркейіп келе жатқанын көріп, қатты толқыныста тұрмын. Осындай көрікті мекенге арнайы шақырған аудан басшысына, өзім білім алған мектептің ұстаздарына, аудандық газеттің редакциясына ризашылығымды білдіремін. Музейдің, аудандық аурухананың жұмыстарымен таныстым. Бір кездері білім алған мектебімдегі өзім отырған сынып ішін көріп, көңілім марқайып қалды, - деді Болат Жиенәлиев.

         Ақтөбе облыстық балалар ауруханасынан алғаш еңбек жолын бастаған Болат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде жалғастырды. Осы кезеңдерде ол бірнеше ғылыми еңбектерін жарыққа шығарды.

         - Орта мектепті бітірген жылдары медициналық инстиутқа түсеміз деген ниетпен Зеленовтан 12 түлек Ақтөбеге барған болатынбыз. Олардың ішінде үш түлек оқуға түсті. Қалғаны түсе алған жоқ. Бүгінде менімен бірге білім алған жанның бірі Оралда, енді бірі Самарада қызмет атқарды. Жалпы, біздің отбасымызда дәрігер болған жоқ. Мен мектеп бітірген 1965 жылы Оралда педагогикалық және ауыл шаруашылығы институттары бар еді. Дәрігер боламын деген арман болған жоқ. Көпшілігіміздің ниетіміздің бір арнаға тоғысуы арқасында дәрігер атандым, - деді Болат Қанапияұлы.

         Білікті дәрігердің үзеңгілес достары, әріптестері облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің ректоры Ақсерік Әйтімов, еңбек ардагері Майдан Жұбандықов  естеліктерімен бөлісті.

         Сондай-ақ бір кездері бүлдіршіндеріне көмек қолын созған дәрігерге ата-аналар да ыстық ықыластарын жеткізді.

         Кеш соңында медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Жиенәлиев замандас достарына сыйлық табыс етті.

zelenov dariger (2) zelenov dariger (3) zelenov dariger (4) zelenov dariger 5

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Зеленов ауданы ,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале