5.10.2017, 12:22
Оқылды: 20

Зеленовтықтар «Он төрт» романын ерекше ықыласпен оқуда

Зеленов ауданы Көшім ауылдық округі Өркен ауылында керемет шара ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды көздеген шарада алдымен жуырда шыққан «Он төрт» тарихи-романының таныстырылымы жасалды.

Роман кейіпкерлері туралы бейнероликті көргенде көзіне жас алған қариялар тарихты жаңғыртқан авторға алғыстарын білдірді. Шарада сондай-ақ Өркен мектебі қолға алған төрт бірдей жобаның тұсауы кесілді. Оқушыларды кітап оқуға, салт-дəстүрді дəріптеуге, ұлттық қолөнерді үйренуге, салауаттылыққа жəне халқымыздың дəстүрлі əндерін насихаттауға баулитын тамаша жобаларға ауыл халқы түгел жұмылуды мақсат етіпті.

Ауыл үлкендерін «Қариялар күнімен» құттықтаған округ əкімі Ербол Сидағалиев арнайы жайылған дастарханнан дəм таттырды. Мектеп директоры Айгүл Жақыпқызы туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға ұжым атынан ризашылық білдіріп, жас өнерпаздарының концертін ұсынды.

Зеленов ауданындағы Щапов мектебінің оқушылары да «Он төрт» тарихи романымен танысты.

Танымал тележурналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмаолданың қаламынан туған роман қазақ халқының бостандығы үшін қыршын кеткен оғландар тағдырын сөз етеді.

«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы мүшелігінде әрекет етіп, түрме азабын тартқан батырлардың кейбірінің тағдыры белгісіз. Оқушыларды ойға жетелеген де осы жағдай еді. Олардың кейінгі тағдыры қаоай өрілуі мүмкін?- деген сауалдарына ол деректі түгендеу келер күннің еншісіндегі өрелі іс екендігін түсіндірдік.

Нұржан Дүзбатыр,

Нұрәлі ЖАПАҚ,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале