11.06.2018, 10:11
Оқылды: 74

Зеленовтықтарға «Аңыз болған абысындар» кітабы таныстырылды

Зеленов ауданында танымал айтыскер ақын, ҚР білім беру саласының үздігі, ұлағатты ұстаз Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабының таныстырылымы өтті.

Республикаға танымал айтыскер ақын, «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір – арна», «Қос қанат» жыр-жинақтарының авторы Дариға Мұштановамен кездесуге ақын жанын, өнер құдіретін түсінетін ағайын көп жиналды.

Ауданға табан тіреген ақынға аудан әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзін арнады.

- Бүгін біз адам жанын рухтандыратын кеште бас қосудамыз. Себебі өңірімізге танымал, білім беру саласында үлесі мол ұлағатты ұстазбен кездесіп отырған бүгінгі кештің маңызы зор, - деп атап өтті аудан басшысы Асхат Берлешұлы.

Аудан халқы атынан ақын Дариға Ғазезқызына құрмет көрсетіліп, иығына камзол жабылды.

Жиналған оқырманға ризашылығын білдірген ақын Д.Мұштанова:

- Қаракөз қандастарым, қаумалап келіп отырғандарыңызға көп-көп рақмет. «Аңыз болған абысындар» атты кітабымды таныстырып, Сіздерге сәлем беріп, пікірлеріңізді білмекке алдарыңызға келдім.

Бұл кітаптың кейіпкерлері - өзіміздің Жаңақала топырағында өмір кешкен бір үйдің үш абысыны. Кітабым сол аналарымыздың ғибратқа толы өмірі жайында, - деп өзінің жүрегінен шыққан өлеңдерін де оқыды.

Әсерлі өткен кеште «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Қажымұратұлы, еңбек ардагері Сатыбалды Төлегенов, ақынның замандас жерлестері, достары Адам Сағынұлы, жұбантанушы ұстаз, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының шығармашылық бөлім кеңесшісі Үзілдік Елеубайқызына және сазгер Гүлбаршын Қасиетова сөз сөйлеп, жаңа кітапқа оң бағаларын берді.

Әсіресе, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған кітап көрмесімен танысқан ағайын ақын шығармашылығымен жете таныса түсті.

Кеште ақынның сөзіне жазылған әндерді өңірге танымал әншілер Күлəш Қуанышқалиева, Еркін Өтегенов және жергілікті өнерпаздар шырқады.

Кеш барысында жергілікті оқырмандар ақынға сауалдарын жолдап, тиісінше жауаптар алды.

Таныстырылымды Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі Ертай Бимұханов жүргізіп отырды.

Назерке ТАЛҒАТОВА,
Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале