12.12.2016, 18:21
Оқылды: 98

Жаңақалада «Тәуелсіздік» монументі ашылды

Тарихтың ақтаңдақ беттерін көрсетіп, тәуелсіздігімізді айшықтау мақсатында тұрғызылған монументтің ашылу салтанатына ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриялды даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, облыстық мемлекеттік мекеме және банк қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев және Жаңақала ауданы әкімі Лавр Хайретдинов, аудан тұрғындары қатысты.

 

Тәуелсіздік саябағында орналасқан «Тәуелсіздік» монументінің ашылу рәсіміне келген ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриялды даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов:

- Армысыздар, ағайын! Осынау ұлық мереке қарсаңында сіздермен қауышқаныма аса қуаныштымын. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Біздің ата-бабаларымыз талай қиындықтардың куәсі болып, тағдыр тезіне ұшырады. Осынау біз көрген ұлы Тәуелсіздікті арман етті. Біз бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіздіктің 25-ші жылының таңын атырдық. Әрине жетістіктермен, толағай табыстарымен. 1998 жылы еліміз пәндер олимпиадасынан әлем елдерінің ішінде 58 орында болса, бүгінде ол 12 орынға табан тіреді.  Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алатындар саны 1998 жылы небәрі 300-ге жуық болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3000-ға таяды, - деп азаттық таңы атқаннан  бергі жетістіктерімізді әңгімелей келіп, шараға жиналған халықты таяу қалған мерейтоймен құттықтап, елдігіміз бен ерлігімізді әспеттейтін осындай тұлғалы монумент тұрғызудың маңызы ерекше екенін атап көрсетті.

Салтанатты рәсімде Әнұран шырқалып, еңбек ардагерлері монументке гүл шоқтарын қойды.

Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып бой көтерген Тәуелсіздік монументіне аудандық бюджеттен 4,803571 теңге жұмсалып, құрылыс жұмыстарын «Прогресс стандарт» ЖШС 3 ай мерзімде аяқтаған.

Монументтің биіктігі – 12 метр. Еліміздің Ата заңы бойынша мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы-адам мен адам өмірі, оның бостандықтары саналатын болғандықтан ескерткіш діңгегінің ұшар басына Алтын адамның бейнесі орнатылған. Тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында қорған бейнеленген. Бұл еркіндік пен елдік, болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілік, елдің тұтастығы мен беріктігін, халқымыздың айбарын паш етіп тұрғандай мән мен маңызға ие. ҚР Мемлекеттік рәміздері - еліміздің символы. Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту және Әнұранның тұруы да ерекше мазмұнға ие.

Н.Есетова,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале