12.12.2016, 15:09
Оқылды: 110

Жаңақалада желтоқсаншылар марапатталды

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесті.

-Сіздер - еліміздің тәуелсіздігінің іргетасын қалап бердіңіздер. Сол кездегі Кеңес заманын келмеске кетірген өр рухты жастарсыздар. «Тау алыстаған сайын биік болып көрінеді» дейді. Бәріне уақыт сыншы. Міне, биыл Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толып отыр. Кезінде ескерусіз қалғанмен, өз алдымызға ел болғалы мемлекетіміздің сіздердің ерліктеріңізді, елдікке ұмтылған асқақ жігерлеріңізді бағалағаны көңіл қуантады. Біз сіздерді бүгінгі таңда батыр деп білеміз, ерліктеріңізге әрқашан құрметпен қараймыз. Отанды, ұлтты сүюдегі махаббаттарыңыз қашан да өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек,-деді аудан әкімі Лавр Рашидұлы. Мұнан соң аудан басшысы Л.Хайретдинов 1986 жылы ел үшін үн қатып, халқының болашағы үшін жанайқайын жеткізген желтоқсаншыларға құттықтау хат пен сый-сияпат, «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалін табыстады.

Кездесуге желтоқсаншылар – Батыр Таулин, Самат Боранбаев, Бақтияр Зұлқашев, Хайсен Сүлейменов, Гүлмира Сәлімова, Сатқали Сабенов, Жамидолла Кенжеғалиев, Әлия Базарова, Роза Абуова келді. Олар сөз арасында бұған дейін мұндай кездесу болмағандығын айтып, құрмет көрсеткен аудан басшысына шын көңілден ризашылықтарын білдірді.

Емен-жарқын әңгіме арасында желтоқсаншылар оқиғаның орын алу себебін мәлімдеп, сол кездегі қазақ жастарының жанкешті тірлігін баяндады.

Қазақ ұлтын өзге ұлт өкілі басқарады дегенді естіген олар алаңға шыққандарын айтты. «Менің Қазақстаным»,  «Елім-ай» әндерін елжірей орындағандарын жасырмады.

Кездесуде аудан өнерпаздары кеш қонақтарына әсерлі әндердің бір парасын тарту етті. Тағылымға толы кездесу соңы естелік суретке түсуге ұласты.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале