14.11.2019, 13:04
Оқылды: 93

Жайнаған жағалауды көргіміз келеді

Тасқала ауданының орталығы Тасқала ауылында әр мекеменің ұжымы тұрақты түрде сенбілікке шығып, көшелерді тазартып тұрады. Көктем шыға көшет отырғызу, тал егу дәстүрге айналды. Десек те, абаттандыруда әлі де кемшін тұстар бар.

derkol (2)

Ауылдың дәл ортасынан Деркөл өзені ағып жатыр. Оның үстіне көпір салынған. Көпірдің үстімен автокөліктер әрлі-берлі ағылуда. Өзеннің қарсы жағалауына жаңа үйлер салынып, ауылдың шырайын кіргізуде. Кез келген адам аталмыш көпірдің үстімен өткенде айналасына көз жүгіртуі заңды. Ал бұл жерде көз қуантатын ештеңе байқалмайды.

Деркөлдің жағалауы қарабарақ пен арамшөпке толы. Ауылға әдемі әр беретін өзеннің бүгінгі сорлы күйі еріксіз қабаққа кірбің ұялатады. Біздің ойымыз – болашақта Деркөлдің жағалауы абаттандырылып, орындықтар қойылып, өрнектас төселген серуен жолдары салынса, жарық шамдары орнатылса дегенге сайып тұр. Сонда бұл жер кешкілік халықтың көп жиналатын орнына айналар еді-ау!

derkol (1)

Айтуға оңай болғанымен, мұның бәрі қаражатқа келіп тірелетіні айдан анық. Бірақ, жоқ деп отыра беруге тағы болмайды. Жоқтан бар жасау керек-ақ. Бұл жұмысты жомарт жүректі кәсіпкерлер, не болмаса аудан орталығынан мектеп бітірген түлектердің бірігуі арқылы тындыруға болатындай. Оның үстіне мұндай қайырымдылықтың жарқын көрінісін өзге аудан-ауылдардан көріп жүрміз. Тіпті, бәсекелесіп жасап жатыр.

Бірі өзінің туған ауылына саябақ салып берсе, енді бірі көшелеріне жарқыратып жарық шамдарын орнатуда. Болашақта тасқалалық патриоттар елге көрік берер игі бастаманы қолға алып, қолдай кетер деген үміт бар. Әсіресе, алдағы 2020 жылы мектеп бітіргендеріне 15, 20, 25, 30 жыл толатын аға-апаларымыз бұл ұсыныс жайлы ойланса дейміз. Ендеше «Елім!» деген ерлерді ауылға ат басын бұрып, игі істерді жұмыла көтеруге шақырамыз.

derkol (4)

Темірболат Тоқмамбетов

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале