27.07.2018, 12:13
Оқылды: 43

«Жайық-Орал» экоэкспедициясы Ақжайық ауданында болды  

 

IMG_4519Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі бірлескен ХХІІ экспедициясы – көршілердің Орынбор облысынан басталған "Жайық-Орал" тарихи-мәдени экожорығына қатысушылар Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта болды. Осында табиғат аясында жиналған тұрғындармен трансшекаралық Жайық бассейнінің өзекті мәселелері мен шешу жолдары аясында экспедиция мүшелерімен кездесу өтті.


 

Тарихи-мәдени экожорық осымен 22-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған әу баста тек оралдықтар ғана қатысса, соңғы 16 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені Жайықтың жағдайы – оны жағалай жатқан екі облыстың да тұрғындарына ортақ.

Ауылдың көрікті жеріндегі ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, алаштың ардақты азаматының рухына тағзым еткен экспедиция мүшелерінің тұрғындарымен әңгімесі Чапаевтағы «Өркен» коворкинг орталығында жалғасты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асқар Әбуғалиев біздің елімізде және Ресей Федерациясында шілде айында жыл сайын тойланатын «Жайық күнінің» маңызы жайында, аталған экспедицияның өзеннің бүгінгі жай-күйіне халықтың назарын аударуына байланысты істеріне зор баға беріп, сөз сөйледі.

IMG_4488- Біздің Жайық өзенінің экологиялық жағдайы, ластануы көптеген қисынсыз жағдайға әкелуде. Ақжайықтықтар үшін де өзеннің тазалығы күн тәртібінде тұр. Түрлі акциялар, сенбіліктер өткізіліп келеді, - деді Асқар Батырханұлы.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комисси төрағасының орынбасары Елена Тарасенко экожорықтың басты мақсаты Жайықтың экологиялық жағдайын саралау, оның туристік ресурстары және экологиясын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облыс тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту екенін айтты. Ол экспедицияның әр жылдардағы қатысушыларының пікірлері мен газет беттеріндегі жарияланымдар негізінде жарық көрген «Жайық – өмір өзені» атты кітапты ауданға табыстады.

Орынбор қалалық администрациясы басшысының орынбасары Татьяна Климантова Жайықтың тағдыры – халықтың тағдыры екендігін естен шығармау жайында айтты. ЕЫҚҰ-нің Астанадағы бағдарламалар кеңесі басшысының орынбасары Диана Дигол дүние жүзінде судың қаншалықты құнды екенін, оны қастерлеп, үнемдеу керектігін қаперге салды.

Меймандар аудандық өлкетану мұражайын тамашалады. Шара соңы Николай Майданов атындағы саябақта мәдениет қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Экспедиция қайықпен 400 шақырымнан астам су жолын өтіп, Атырау облысының Сарайшық қаласына жетпек. Дәстүр бойынша, жолшыбай тарихи орындарды аралап, көрмелер мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырады.

Әли АСҚАР

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале