30.11.2016, 19:46
Оқылды: 46

Жалпақталда жастар бас қосты

 «25 жұлдызды күн» акциясы аясында Жалпақтал мәдениет үйінде «Қазіргі кәсіптік білім – жастар болашағы» атты Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледж студенттерінің форумы өтті.

 Форум жұмысына аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жүсіп Шакуов, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының басшысы Аманжол Нығметов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, еңбек ардагерлері, жеке кәсіпкерлер, Ғ.Молдашев, К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.

Колледж директоры Мағауия Есмағұлов баяндама оқып, колледждің тарихына шолу жасады. Сонымен қатар форумда Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин сөз сөйлеп, студент жастарды білімді, жалықпай еңбек етуге шақырды.

Бүгінде Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінде 34 педагог мен өндірістік оқыту шеберлері 200 студентке білім беруде. 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық базасы жақсарып, «Автомобиль және трактор жүргізуші», «Аспазшы», «Электронды есептеу машиналарының операторы», «Сылақшы», «Техник», «Электр газбен дәнекерлеуші» мамандықтарын дайындайды. Колледж базасы соңғы жылдары ауылшаруашылық техникаларымен толықты.

Бұл форумда студенттер аға буынға өздерінің сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бір топ белсенді студенттер облыстық білім басқармасының марапаттарына ие болды.

Тұрарбек Қайырғалиұлы

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале