22.03.2018, 15:50
Оқылды: 37

Жалпақталда Әз-Наурыз мерекесі 14 наурыздан бастап тойланды

Үлкен-кіші, кәрі-жас бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, мәре-сәре болды. Көрісу күні басталғаннан-ақ, ауылдағы мекеме-кәсіпорындар біріктіріліп, күн сайын көже асылып, алтыбақан тепкен жастар, арқан тартысқан жігіттер, асық ойнаған балалар мерекенің көрігін қыздырды.


 

22 наурыз күні ауыл тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін ерекше қуанышпен қарсы алды. Күннің ызғарлығына қарамастан мәдениет үйінің алаңында жиналған халықтың қарасы көп болды.

Алаңда мекемелер мерекелік дастархан жайып, сауда саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде мерекелік дастарқан жайылды. Елге тегін көже таратылды. Үлкендер ақ батасын беріп жатты.

-Халқымыз үшін ғасырлар түкпірінен тін тартқан әз-Наурыздың орны бөлек. Еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне баланған Наурыз мейрамы жалпы халықтықтық тойға, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың думанына айналды, - деді сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова - Бұл жылы да әрбір тұрғынның, әр отбасының әл-ауқатының артуы біз үшін басты міндет болып қала береді. Сондықтан баршамыз ауызбіршілік пен ынтымақты ту етіп, ортақ игілік жолында еселі еңбек етейік. Еліміздің алға басқан әр қадамы сәтті болып, әрбір шаңырақта ырыздық пен береке нұры шалқысын! - деп жалпақталдықтарды мерекемен құттықтады.

Мәдениет үйі алаңында ауылдың көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концерті өтті. Әсем сазды ән шырқалып, күмбірлетіп күй төгілді. Мың бұрала би биленді. Қазақтың салт-дәстүрлері сахналанып, әдемі көрініс тапты. Осынау мерекеде «Шапағат» әжелер қоғамдық бірлестігі ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қызды оң босағаға отырғызу салтын дәріптеді. Бұл салтымыздың маңыздылығы мен ерекешелігіне тоқталды. Сонымен қатар алаңда Жалпақтал өнер мектебінің ұстаздары жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Ал ауыл жастары лоторея билетін ұйымдастырып, мерекенің көркін қыздырды.

Мереке қызған кезде алтыбақан жанында ұлттық ойындар басталды. Балалар асық атып, мергендіктерін байқатып жатқанда, жасөспірімдер гір тасын көтеріп, қол күресі өткізіліп, мекемелер бірігіп, арқан тартысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер спорт мектебінің дипломдарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін жалпақталдықтар осылайша тойлады.

 Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале