4.06.2019, 12:02
Оқылды: 59

Жалпақталда су қоймасы салынады

Жалпақтал ауылында Қараөзенге су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасақтау жайы талқыланып, қоғамдық тыңдалым өтті.

IMG_7937

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев, облыстық су қорларын қорғау және пайдалануды реттеу бөлімінің басшысы Марат Машекенов, «ҚазСуШар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Төлеген Ғұмаров, «Қызылорда Жоба Құрылыс» ЖШС-ның бас инженері Б.Құрманбаев қатысты.

Жобаның басты мақсаты – Ресейге су тәуелділігін азайту, су тасқынын қауіпсіз өткізу және Қараөзен өзені трансшекаралық өзенінің тасқын суларын шоғырландыру. Сонымен қатар өзеннің төменгі жағына санитарлық-экологиялық су өткізу үшін Киров-Шежін магистралды каналы бойынша берілетін Жайық суының жиналуын, табиғи шабындықтардың кепілді құйылуын қамтамасыз ету. Жобаның өкілі «Қызылорда Жоба Құрылыс» ЖШС-ның бас инженері Б.Құрманбаев ұсынылған жоба туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, оның мақсатын, нысандарын және қоршаған ортаға ықпалы туралы айтып берді.

Қоғамдық тыңдалымға қатысқан аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, еңбек ардагері Ғилым Едекешев, шаруа қожалық жетекшілері ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Қаралып жатқан құжаттама жан-жақты зерттелген. Техникалық-экономикалық негіздемесінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шара жоспарларының орындалып, жүргізілген жұмыстардың экологиялық талаптарға сай болу керектігі айтылды.

Бас инженер Б.Құрманбаевтың айтуынша осы жұмыс жобасын құрастырғанға дейін су тасқыны суы қандай да бір гидротехникалық құрылыстарсыз примитивті әдістермен пайдаланылған.

-Су тасқынының суын барынша пайдалану үшін жобада Қараөзен өзенінің бойында екі жерде су реттегіш пен су жинағыш салу құрылысы қаралса, олардың біреуі Жалпақтал ауылының жоғары жағы, ал екіншісі ауылдан төмен Гүрілдеуік учаскесінде болады,-дейді бас инженер.

Сонымен қатар Жиеш, Ғайса, Гүрілдеуік, Мәнти бөгеттеріне дамба салып, су қақпасын орналастыру, су жіберу құрылыстарына қызмет көрсету үшін бір қабатты үш бөлмелі шаруашылық сарайымен бірге тұрғын үй салу жоспарда бар екені айтылды.

Қоғамдық тыңдау отырысында «ҚазСуШар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Төлеген Ғұмаров қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарына құлақ түрді. Енді жоспар бойынша Жалпақталда су қоймасы салынып, ел игілігіне қызмет етеді.

Тұрарбек Ақмырза,

Қазталов ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале