Казталов ауданы Жалпақтал ауылында Жастар жылын қорытындылап, биылғы Еріктілер жылында жаңа серпін беруді көздеген Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектептің ұжымы ұйымдастырған аудандық жастар форумы өтті.
Оған ауданның көптеген ауылдық округтерінен белсенді жастар қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне өз ықпалын тигізді. Мектептің 2016 жылғы түлектері Мейірбек Базаров (БҚМУ), Марат Өтешқалиев (БҚМУ), Дәулетхан Нәбиуллин (ХҚТУ Түркістан) жастар форумы барысында "Адам болам десеңіз" тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.
Ал әр ауылдан келген белсенді жастар түрлі тренингтар өткізіп, тәжірибе алмасып, форум көркін қыздыра түсті. Әсіресе, "Саналы ұрпақ-жарқын болашақ" атты дөңгелек үстел, "Таза болса табиғат-аман болар адамзат" атты экологиялық танымдық сабақтар мен әртүрлі спорттық эстафеталық ойындар мән-маңызымен ерекшеленді.
Жастар форумын қорытындылаған Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектептің директоры Салтанат Өтеғұлова форум қонақтары мен қатысқан белсенді жастарға ұжым атынан ризашылығын білдіріп, үздіктерге алғыс хат табыстады.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер