18.09.2018, 16:32
Оқылды: 24

Жалпақталдағы мемлекет қаржысына салынған үйлер кезекпен берілмек

Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, ауыл тұрғындарын мекеме басшыларымен бірге қабылдады.

Қоғамның тұтастығын сақтау биліктегілердің мемлекет алдындағы жауапкершілігі болып табылады. Сондықтан да халықтың мұң-мұқтажымен санасып, заң шеңберінде қолдау көрсету міндет. Әр ай сайын аудан әкімінің қабылдауы тұрақты ұйымдастырылып, келушілердің қойған мәселелері жан-жақты сараланып келеді. Байыптап қарасақ, қабылдауға келген халықтың басым көпшілігінің мәселесі баспана мен тұрақты жұмыс сұрау екені қайталанып отыр.

-Мемлекет қаржысына салынған үйлер кезекпен беріледі. Тұрғын үйлер төрт категория бойынша беріліп отыр. Бәрі Заң аясында болмақ. Кезектен тыс тұрғын үйлер берілмейді,-деген Абат Абайұлы тұрғын үй сұрап келгендерге осындай жауабын айтты. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысып, жер сұрай келген ауыл тұрғыны Серік Шаяхметовтың жауабына қазіргі таңда бос жерлер конкурстық негізде ғана берілетіндігін айтты.

Ал Руслан Губашев бастаған Жас елді мекенінің тұрғындары шабындық жерлер мен мал жайылымы жайында аудан әкімінің қабылдауында болды.

-Қараөзен ауылдық округінің айналасында бос жерлер бар. Сол жерлерді резервке алып, аз қамтылған отбасыларға арзан бағамен беру керек. Жас ауылының көтерген мәселелері бойынша әрмен қарай жұмыстанамыз. Тұрғындар алдағы уақытта шаруа қожалықтарымен бірге жұмыстану қажет,-деген аудан басшысы тұрғындардың өтініш тілектерінің өз кезегінде шешілетіндігін айтты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

 Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале