18.10.2017, 11:26
Оқылды: 17

Жаңа әлеуметтік көмек енгізілмек

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларының жалпы ережелерін түсіндіру мақсатында Тасқала ауданының ауылдық округтері мен елді мекендерінде аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарымен кездесулер өтті. Онда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төленетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек пен жаңа мүмкіндіктер туралы айтылды.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі ҚР Заңы 7-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген қағида түрлі қызметтерді ашып көрсететін негізгі ұғымдарды қамтиды. Бұған кеңінен тоқтаған Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы М.Бармушева көпшілікті  хабардар етті.

- Атаулы әлеуметтік көмек – мемлекет тарапынан ақшалай берілетін төлем. Оған жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдар мен отбасылар жатады. Бұл орайда еңбекке қабілетті отбасы мүшесі, жан басына шаққандағы орташа табыс пен жиынтық табыс қоса ескеріледі. Өтініш берген адамдардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін құрылған арнайы комиссия жұмыс жасайтын болады,- деді Мағрипа Ізбасарқызы.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті тағайындату үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша әкімшілікке жүгінуге құқылы. Ал өтініш берушінің құжаттарын қабылдау барысында электронды іс-макеті қалыптастырылады.

Бұдан өзге шартты және шартсыз ақшалай көмек тағайындау тәртібі мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген отбасылармен жүргізілетін жұмыстар сөз болды. М.Бармушева өтініш берушілер әкімшілікке жүгінген жағдайда ассистенттер мен кеңесшілер арқылы аз қамтылған отбасыны кеңес беру, сұхбаттасу, әлеуметтік келісімшартты және жеке жоспар міндеттерін орындауды сараптау арқылы сүйемелдеу жүргізетінін баса айтты. Сонымен қатар аталмыш қағидаға қосыламын деген адамдардың қажет құжаттарын бүгінгі күннен жинау қажет екені де ескерілді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале