17.11.2017, 11:07
Оқылды: 19

Жаңа форматтағы әлеуметтік көмек енгізілмек

1002018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі қолданыстағы үш түрлі әлеуметтік көмектің (көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы және аз қамтылған үй шаруашылықтарына берілетін атаулы көмек) орнына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек түрі енгізілмек.

Жаңа форматтағы әлеуметтік көмекті тағайындау, есептеу, төлеу тәртібіне «Өрлеу» бағдарламасының шарттары негізге алынған. Ақжайық ауданында «Өрлеу» 2015 жылдан бері пилоттық жүйеде іске асырылып келеді. Жоба биыл да барынша жалғасын тауып, 62 отбасыға 14,1 млн. теңге көмек бөлінді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, сондай-ақ жұмыспен қамту орталығы мамандары бүгінге дейін ауданның 48 елді мекенінде тұрғындармен кездесіп, бұл сапарларын одан әрі жалғастыруда. Жаңадан енгізілетін әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз ақшалай жәрдем ретінде екі түрге бөлінетіні, оны төлеу тәртібі, артықшылықтары жан-жақты түсіндірілуде.

– «Өрлеу» бағдарламасының алғашқы нәтижелері, кәсібін өрістеткендердің тәжірибесі жүрттың қызығушылығын туындатып отыр. Ал шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда берілетіні, шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мысалы, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) берілетіні жайында тұрғындар молынан хабардар болуда,-дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Руслан Кайырманов.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале