27.10.2020, 11:58
Оқылды: 108

Жаңа мектеп – ауылдың сәні

«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дейді. Онысы рас. Шынымен, қай ауылға барсаңыз да өзінше тірлік жасап, тырбынып жатқан бір адам. Тіпті кейбір ауылдың әл-ауқатын кіреберісінен-ақ байқайсың. Тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы сол ауылдың тазалығынан көрініп тұрады. Осы жолы Қазақстан ауылдық округіне атбасын тіреп, ондағы жасалып жатқан жұмыстармен танысып қайттық.

Жөнделген мектеп (1)

Бөгеттердің маңызы зор

– Ауылдық округке қарасты он жеті бөгет бар. Соның екеуіне биыл тереңдету жұмыстары жүргізілді. Бөгеттерге келетін судың маңызы ауыл тұрғындары үшін ерекше. Қайта қазылған бөгеттердің орналасқан жері ауыл халқының және жеке қожалықтардың малына зор пайдасын тигізеді. Округ бойынша 1148 адам бар. Атамекен ауылында 198 аула бар болса, Қалмақшабында 28 аула бар. Алмалыда он аула болса, Қисықсайда тоғыз аула бар. Қазақстан ауылдық округінде 44 шаруа қожалығы өз кәсіптерін дөңгелетуде. Биыл екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыстарын жандандырып жатыр. «Бөкеш» бөгетіне 3 млн. 658 мың теңге қаражат (құрылысын «Кристал-АА» ЖШС жүргізген) бөлініп, қазу жұмыстары толықтай жүргізілді. «Бесауыл» бөгетіне 2 млн. 081 мың теңге (тереңдету жұмыстарын «ЖанЛи» ЖШС жүргізген) аудандық бюджеттен бөлініп, ол жұмыстарды да тыңғылықты орындадық. Қисықсай елді мекеніндегі Дамир Сүлейманов пен Юлай Мұханбетович өз қаражатынан бөгет қаздырып алды. Және Салават Сүлейменов та Қисықсайдан бөгеттерді қайта қалпына келтіруге атсалысты. Оған қоса Асқар Малтеев пен Талғат Күнтудаев өздерінің айналасындағы бөгеттерді тазалап алды. Сенбілік жұмыстарын жүргізіп, ауылдың тазалығына тұрғындар белсенді араласып отыр. Қазіргі таңда бұрылысқа дейінгі 18 шақырымдық жолдың айналасы мен ауылымыздың ішкі көшелерін тазалап қойдық. Былтырғы қыстан қалған көңқоқыстарды да сыртқа шығарып, біраз жұмыстарды атқардық. Биылғы жылы ауыл тұрғындары үшін бірден-бір жаңалық болған нәрсе, ол Жайықбай каналына су келуі еді. Биыл аталған каналға су келіп, айналасындағы шаруаларға көп септігін тигізді. Мыңғырған мал каналдан су ішіп, ала жаздай игілігін көрді. Мал санының көбеюі үшін бос судың маңызы өте зор. Егер малға су болмаса, басқа да шаруалардың бекер болатыны айдан анық. Аудан әкімінің тынымсыз еңбегінің арқасында «Жайықбай» каналына жан бітіп, атамекендіктер қазіргі таңда алғысын айтып жүр. Асқар Малтеев, Арман Бегалиев және Қисықсайда тұратын бірнеше шаруа қожалығының малдары аталған каналдың қызығын көруде. Ауылдық округте шөп жеткілікті. Барлық тұрғын қысқы мал азығын жинап, қысқа тас-түйін дайын отыр деуге негіз бар. Дала өрті орын алған жағдайлар болды, бірақ ел болып уақытында сөндіріп алдық.

Біз оларды ұмытпаймыз

Ауыл көшелерін жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстарын толықтай жүргіздік. Түнгі уақытта келсеңіз, ауылымыздың жарық­шамдары алыстан менмұндалап тұрады. Ы.Алтынсарин көшесіндегі саябаққа жаңадан сахна орнаттық. Осы жылы мектебімізді күрделі жөндеуден өткіздік. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды десек те болады. Тек жылыту қазандығының іске қосылғанын күтеміз. Қалған жұмыстар өз мәресіне жетіп тұр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылымыздағы «Жеңіс алаңын» жаңартып алдық. Көшеттер отырғызып, саябағымыздың сәнін келтіріп қойдық. Ол жерде де жарықшамдар кеш қараңғысында жарқырап, саябақтың одан сайын көркін кіргізіп тұр. Тағы бір айта кететін жайт, Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, елге қызмет еткен азаматтар мен азаматшалардың аллеясын орнаттық. Оған да ауыл тұрғындары қаражат жинап, өз үлестерін қосты. «Уали» шаруа қожалығы 600 бас құс сатып алса, Мейірман Мұхтаров 2000 бас құс алып, қазіргі күнде өз шаруасын дөңгелетіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын екі отбасы бар. Гулжайнар Құспанова мен Гульфиза Өтешқалиева биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында әрқайсысы 555 600 теңге грант иегері атанып, 250 тауық және бір бұзаулы сиыр сатып алды. Қазақстан ауылдық округінде бес жылдан бері бау-бақшаны суару үшін су тапшылығы бар екендігі байқалды. Ауыл азаматы Жетік Тұрымбетовтың жауапкершілік алуымен өзеннен техникалық су тартылды. Бұның да пайдасы зор. Қазіргі таңда су аулаларға Шежін өзенінен сорғы арқылы жүргізіліп отыр. Техникалық судың тартылуы бақша мен мал суаруға және басқа да шаруашылыққа өте ыңғайлы. Аталмыш округтің аумағы 165,662 гектарды құрайды. Округ бойынша төрт елді мекен бар. Екі жеке шаруашылық серіктестігі болса, 12 жеке кәсіпкер және тіркелген. Округ бойынша мал саны ірі қара – 6004 бас болса, ұсақ мал – 10476 бас, ал жылқы – 3240 басты құрайды. Құстың саны – 4892 дана. Ауылдың ішкі жолдарының жөндеу жұмыстарына 1040,0 мың теңге бюджеттен қаражат бөлініп, оны бір көзден сатып алу тәсілімен ЖК «Марченко» жөндеу жұмыстарын жүргізді. Атамекен ауылының саябағына бюджеттен 1011,0 мың теңге қаражат бөлініп, аталған тәсіл бойынша «Марченко» жеке кәсіпкері сахна орнатып берді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Атамекен жалпы орта білім беретін мектебінінің күрделі жөндеу жұмыстарына 182 868 477,12 теңге қаражат бөлінген.

Құс асырап, бақша егілді

Ауылдың шетіндегі көң-қоқыс орны мен мал қорымына әкім­­шіліктің ұйымдастыруымен жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Биыл аудан әкімінің барлық тапсыр­­малары толығымен орындалды. Құс өсіру, ұжымдық бақша салу жұмыстары оңтайлы жүргізілді.

– Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру кезінде ауылдағы ағайынға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда олардың аталмыш кооперативке бетбұрысын байқап отырмыз. Бөгеттерді тазалау мен мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жергілікті адамдарды жұмысқа тарттық. Олар да бос жатпай, еңбегінің арқасында нәпақасын тапты. Ауыл көшелерін абаттандыру кезінде терек отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ауыл тұрғындарын техникалық сумен қамтамасыз ету барысында өзеннен су тартып, әр аулаға судың жетуін қадағаладық. Саябақтарға терек егуден басқа ауылдың тазалығына басты көңіл бөлініп, біршама игі істер атқарылды. Биылғы жылы ауыл шетіне өз күшімізбен мал қорымын салдық. Өзімнің екі мамандығым бар. Біреуі заңгерлік болса, екіншісі эколог мамандығын бітіргенмін. Сондықтан бар жұмысым тазалықтан бастау алады. Бау-бақшамызды жинап алдық. Мал азығы да жеткілікті деген ойдамыз. Үлкен қарияларымызға көңіл бөлу мақсатында еңбек ардагерлерімен тығыз байланыста болып, қоғамдық кеңестің төрағаларын әрбір апталық лездемеге қатыстырып, олардың ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырамыз. Қанша дегенмен, ауыл үлкендерінің білмейтіні жоқ. Олардың тәжірибесі мол екендігін ескере отырып, ақыл-кеңестеріне құлақ түре жүргенді өзімнің күн тәртібімнен түсірген емеспін. Билік пен халық арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Сонда ғана жұмысың алға жылжиды. Халықтың әлеуметтік тұрмысы басты мәселе. Ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Жексенғали Тұрымбетов және ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ноян Қиматов, сондай-ақ хатшысы Набиғали Рамазанов ағаларымызды ерте жүріп, біраз істің басын қайырдық. Аналар кеңесінің төрайымы Нүрия Сағатқызы, кеңес мүшесі Мәншүк Бисенғалиева апаларымыздың орны ерекше екенін арнайы айтқым келеді. Олар да үнемі ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс жол көрсетіп отырады. Қоғамдық жұмыстар мен елдің тәртібіне, сонымен қатар ауылдың тазалығына атсалысқан тұрғындарға алғысымыз шексіз. Ауыл ақсақалдарының 70, 80 секілді мерейлі жасқа толғандарын арнайы үйлеріне барып құттықтап тұрамыз. Себебі ол адамдар осы ауылдың дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан жандар. Ағайынды Жұбан Құрманиязов пен Ермекқали Құрманиязов сынды ағаларымызды атауға әбден болады. Жұбан Хайырлыұлы қырық жыл мектеп директоры болған болса, Ермеқали Хайырлыұлы зоотехник қызметін атқарған. Қазіргі таңда Жұбан аға 84 жасқа келсе, Ермекқали аға сексеннің екеуінде. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей аталған жандар біздің ауылдың мақтаныштары.

бөгет (1)

Үлкендердің көмегі көп

Жастар практикасы және жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша да жұмыстар жоспарға сай орындалуда. Бұл жерде аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Райса Мүтиғоллақызы Ерниязованы ерекше айту керек. Ауылдың тұрмыс-тіршілігіне, қызкеліншектердің инабаттылығына көңіл бөле отырып, бала тәрбиесіне қатысты өзінің өмірде жинаған мол тәжірбиесімен бөлісіп жүр. Көп жыл ауылымызда ФАП меңгерушісі болған Жаңылсын Ғұбашева биыл зейнеткерлікке шықты. Ол фельдшер болғанмен, ауылдағы әрбір тұрғынының жағ­­дайын жақсы біледі. Тіпті олардың қандай сырқатпен ауыратынынан да хабардар. Нағыз өз ісінің маманы. Ол кісінің жақсы қасиеттері көп, жастар мен өскелең ұрпаққа үлгі бола алады. Осындай игі жақсылармен бірге қоян-қолтық қызмет етіп, атамекендіктерге жақсы жағынан із қалдырсақ, бұл – біз үшін жарты бақыт, – деп сөзін түйіндеді ауылдық округ әкімі Әлібек Сәрсенов.

«Елде болса, ерінге тиеді» демекші, ауылдағы атқарылып жатқан игі бастамалар мен жасалып жатқан жұмыстар болашақта өз жемісін берері анық. Аздап жаңбыр себелеп тұрса да, бұрылыстан Қазақстан ауылдық округіне дейінгі он сегіз шақырымдық жол кәдімгідей білінеді екен. Алдағы жылдары осы аталған қашықтыққа тас жол төсеу жоспарда бар екенін ауыл әкімі әңгіме арасында айтып қалды. Бұйырса, ол күнге де жетерміз...

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале