23.05.2019, 15:44
Оқылды: 124

Жаңабек Жақсығалиев: «Салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор»

«Тектілік феномені: Әке. Бала. Отбасы» атауымен Теректі аудандық мәдениет үйінде «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әкелер форумы өтті.

forum (2)

         Аудандағы барлық әкелердің басы қосылған форумда тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің үздігі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі Жаңабек Жақсығалиев тектілік жайында сыр шертті.

         -Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» - бірдеңеден тыс, «гомос» - неке) жатады. «Экзогамия» – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Бабаларымыз жеті атасына қарап, кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған – құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді. Отандық этнограф ғалымдар жеті атаға жіктеу, қан тазалығын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Зерттеушілік ғұмырын қазақтың этнологиясына арнаған белгілі ғалым А.Сейдімбек өзінің зерттеулерінде бабаларымыздың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалағанын жеткізген: «Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан», - деп түйіндеген. Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек, артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені, ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза, - деді Жаңабек Жаңабайұлы.

forum (1)

         Форумның спикері Жаңабек Жақсығалиев Оңтүстік Корея ғалымдарының дүниежүзіндегі халықтар қанының құрамына жүргізген талдауы, туыстарына үйленетін татар, ұйғыр, тәжік халықтарының қаны бұзылып, түрлі аурулардың көбейгені, бабаларымыздың текті қыздарға 100 жылқыдан 1000 жылқыға дейін қалың мал беруі, текті сақтау үшін әмеңгерлік салтының пайда болғаны жайында құнды мағлұматтар айтты.

         Мәдениет үйі залына жиылған теректіліктер Жаңабек Жаңабайұлы қойған сұрақтарға жауап беріп, пікірлерімен бөлісті. Екі сағат бойы рухани байыған Теректі жұрты форумды өткізген ұйымдастырушылар мен спикерге ризашылығын білдірді.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале