6.09.2018, 10:34
Оқылды: 91

«Жаңақала-Талант-2018» аудандық байқауы мәреге жетті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» жобасы аясында «Жаңақала-Талант-2018» аудандық байқауы өз мәресіне жетті.

janakala (1)

            Дарынды жастарды таны­тып, шеберлігін шыңдап, шығар­машы­­лыққа деген ынтасын оятуды көз­деген байқауды аудандық мәдени демалыс орталығы ұйымдастырды.

8 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқау шарты бойынша өнерпаздардың жасына шектеу болмады. Қатысушылар 7 минут ішінде ән, би, аспапта ойнау, жүргізушілік, актерлық шеберлік, пародия, пантомима, әзіл, рэп жанрлары бойынша өнерлерін паш етті.

«Бес саусақ бірдей емес» демекші, үміткерлердің де өнерлері түрлі деңгейде болды. Бірі ұтымды әзіл айтып көрермендерді баурап алса, бірі әуелетіп ән салды, бірі мүгедектің мұңын монолог арқылы жеткізді. Бірлік ауылынан келген Жансәлем Таңатқали мен Ерасыл Мәліктің, жаңақалалық Амина Жұмагерейқызының, көпжасарлық Ақниет Жайлыбайұлының, қызылобалық Айғанша Ғилымбековалардың өнеріне көзіқарақты көрермендер тәнті болды. Айта кетсек, Ақниеттің дауыс мәнері, Айғаншаның алғырлығы, Ерасылдың әзілі мен пародиясы, Аминаның шырқаған әні, Нұрайзаттың поэзиясы кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық.

Байқау соңында қазылар алқасының мүшесі, жобаға қолдау білдіріп, Орал қаласынан келген Олжас Сейтімов ел ішінде танылмай жүр­ген таланттарды танытуда мұндай жобалардың зор рөл атқаратынын атап өтті. Бұдан кейін жобаның авторы Айзада Сейтова сөз алып, байқауға қаржылай қолдау бірдірген кәсіпкерлер Нұргүл Насиева мен Саламат Серікұлына алғысын білдірді.

Жүйріктен жүйрік озған байқау нәтижесінде ерекше өнерімен көзге түскен, Жансәлем Таңатқали жеңімпаз атанды. Жеңімпазға  «Нұрмедина» жеке кәсіпкерлігі (басшысы Нұргүл Насиева) демеушілік жасап, 50000 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Басқа да қатысушылар арнайы диплом һәм сый-сияпаттармен марапатталды.

Ақсұңқар СӘДІР,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале