10.05.2018, 10:47
Оқылды: 72

Жаңақалада дала қызықтары өтті

 

9 мамыр күні мерекеге орай аудан орталығында Жаңақала аудан әкімдігінің қолдауымен, ауылдық округ әкімдігі, аудандық дербес мекеме, бөлімдердің ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті. Игі шараға аудан әкімі Н.Қарағойшин бастаған ауыл тұрғындары қатысты.
Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып «ер қанаты – ат» деп жілпінетін халықтың да қарасы алаңда көп болды.

Жүргізушінің хабарлауынан соң, бірден 21 шақырымдық аламан ат бәйгесіне кезек берілді.

Жаңақалалықтармен қатар өзге аудандардың да шабандоздары қатысқан ат бәйгесі 4 айналымнан тұрды. Қаз қатар сап түзеген жараулы аттар, далиған дархан дала төсін дүбірге толтырып, көз ұшында сағымға айналып бара жатты. Халқымызда «ат шаппайды, бап шабады» деген мағыналы сөз бекерден бекер айтылмаса керек-ті. Иә, жарыс болған соң жүзден жүйрік сәйгүліктер шығатыны ақиқат. Соңғы айналымдарда алдына қара салмай, мәреге дара келген жаңақалалық Ерболат Молдағалиевтің «Алау» атты сәйгүлігі I орынды иеленсе, Асылхан Төлеуғалиевтің (Қазталов ауданы, Көктерек ауылы) «Шалқұйрығы» II орынды қанжығасына байлады. Ал, Бөкей ордасы ауданынан келген Әділбек Айтболаттың «Барбарис» атты қылқұйрығы III орынды олжалады.

Сондай-ақ «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, 6 шақырымдық тай жарысында Нұрболат Әдиетовтің (Қазталов ауданы) «Пәкістаны» бас бәйгені жеңіп алса, қызылобалық Қайрат Қарағойшиннің «Нұрқасқасы» II орынды, жаңажолдық Айбек Ишановтың «Ханшасы» III орынды еншіледі.

Түйе жарысынан мәстексайлық Сергей Тілегенов I орынды, көпжасарлық Қанағат Ермекқалиев II орынды, мәстексайлық Базар Дәулетқалиев III орынды иеленді.

Сонымен қатар теңге ілу жарысында шыңғырлаулық Мирас Асылгерей I орынды, ақжайықтық Жанәділ Ғазезов II орынды, жаңақалалық Қолғанат Серіков III орынды иеленді. Сондай-ақ, бұл күні қазақтың ұлттық ойыны аударыспақ өте тартысты өтті. Білекті, жүректі жігіттер жүлдені өзара сарапқа салды. 60 келі салмақта қаратөбелік Әділ Оңғарбаев қарсылас шақ келтірмей 1 орынды жеңіп алса, сырымдық Рахметолла Темірбеков 2 орынды, жаңажолдық Аманжан Ақшолов 3 орынды місе тұтты. Келесі 70 келі салмақта Мағжан Жеңісов (Жалпақтал ауылы) I орынға, Мирас Темірболатов (Шыңғырлау ауданы) II орынға, Жанәділ Ғазезов (Ақжайық ауданы) III орынға ие болды. Соңғы 80 келі салмақта жерлесіміз Қолғанат Серіков өзінің нағыз бабында екенін дүйім елге дәлелдеп, I орынды даусыз олжалады. Ал, II орынды Әнуарбек Калиев (Орал қаласы), III орынды Дастан Есекенов (Жаңажол ауылы) өзара бөлісті.

Барлық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақылар мен арнайы дипломдар табысталды.

 

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале