13.05.2019, 16:57
Оқылды: 87

Жаңақалада дала қызықтары өтті

Ұлы Жеңістің 74 жылдығында Жаңақала ауданы аумағында дүркіреп өтті. Мерекеге орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, аудан тұрғындары концерттік бағдарламалар мен дала қызықтарын тамашалады.
janaqala (9)

         Аудан орталығында Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті. Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып «Ер қанаты – ат» деп жілпінетін халықтың да қарасы алаңда көп болды.

         Бірден 21 шақырымдық аламан ат бәйгесіне кезек берілді.

         Жаңақалалықтармен қатар өзге аудандар мен облыстардың да шабандоздары қатысқан ат бәйгесі 4 айналымнан тұрды. Қаз қатар сап түзеген жараулы аттар, дархан дала төсін дүбірге толтырып, көз ұшында сағымға айналып бара жатты. Барлық айналым бойы алдына қара салмай, мәреге дара келген Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген Бекслан Ерғұловтың сәйгүлігі I орынды иеленсе, Бекзат Ахметкереевтің (Қазталов ауданы) тұлпары II орынды қанжығасына байлады. Ал ақжайықтық Бақберген Мыңбаевтың қылқұйрығы III орынды олжалады.

         «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, 6 шақырымдық тай жарысында Айбатыр Миразаттың (Жаңажол ауылы) «Гауһартасы» бас бәйгені жеңіп алса, пятимарлық Бекзат Қайырлиевтің жүйрігі II орынды, тағы да пятимарлық Мерген Әнуаровтың баптаған торы төбелі III орынды еншіледі.
Қазақтың ұлттық спорты теңге ілу жарысында Қайнар Құсмағұлов (Ақжайық ауданы) I орынды, ақжайықтық Бекнұр Серіков II орынды, жалпақталдық Мағжан Жеңісов III орынды иеленді.

         Бұл күні қазақтың ұлттық ойыны аударыспақ та өте тартысты өтті. Білекті, жүректі жігіттер жүлдені өзара сарапқа салды. 70 келі салмақта жалпақталдық Мағжан Жеңісов I орынды жеңіп алса, Амангелді Қалиақпаров (Ақжайық ауданы) II орынды, жаңақазандық Амангелді Бисенбаев III орынды місе тұтты.

         Келесі 80 келі салмақта жерлесіміз Қолғанат Серіков өзінің нағыз бабында екенін дүйім елге дәлелдеп, I орынды даусыз олжалады. Одан әрі II орынды Жәнібек Уахитов (Жаңақала ауданы), III орынды Қайнар Құсмағұлов (Ақжайық ауданы) өзара бөлісті. Ал ауданымызда тұңғыш рет өткізілген көкпар ойынында І орынға Ақжайық ауданының командасы, ІІ орынға Жаңақала ауданының командасы, ІІІ орынға Жаңақазан ауылдық округінің командасы ие болды. Қой көтеруден Бауыржан Төлегеновтың бағы жанып, жүлдеге тігілген шопан ата баласын қанжығасына байлады.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

janaqala (1) janaqala (2) janaqala (3) janaqala (4) janaqala (5) janaqala (10)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале