11.12.2017, 17:29
Оқылды: 91

Жаңақалада Донеділ Қажымовтың кеші өтті

IMG_4080Жақында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов Жаңақала ауданына ән сапармен келді.

Әншіні аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали мен аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Ербол Ақбасов қарсылап алды.

Қазақы дәстүрмен қонақтар дәмнен ауыз тиді. Нақ осы күні аудандық мәдени демалыс орталығында әнші-композитор Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық – Ару мекенім» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кештің шымылдығы өнер иесінің өнегелі өмір жолы мен еңбек жолына тоқталудан басталды.

Д.Қажымовтың әндері сан түрлі жанрда жарқылдап, әсерлі, әуезді дүниелер ретінде көпшілікке етене жақын. Ал ақын Закария Жүсіпқалиұлының сөзіне жазылған «Ақжайық – Ару мекенім» әні бүкіл Батыс Қазақстанның әнұраны іспеттес. Кеш барысында өңірдің әнұранына айналған әнді жерлес әншілер Қ.Айдарбеков, Т.Бисенғалиев, Ж.Мұсағалиев шырқады. Мұнан кейін З.Сисенғалидың сөзіне жазылған, Д.Қажымовтың «Қамыс-Самар маршы» әнін аудандық мәдени демалыс орталығының таңдаулы әншісі Қ.Айдарбеков орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ән кешінде ән салған Донеділ өзінің авторлық сиясы кеппеген «Қадыр ақын қыран жыр» және  «Ата» әндерін шығу тарихына тоқтала отырып шырқады.

Әсерге толы шығармашылық кеште Д.Қажымов аяулы жары ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова екеуі домбыраның сазымен «Шалқымалы», «Өшпес шырақ», қырғыздың «Күлгін шаш» әндерін әуелетсе, эстрадалық жанрда «Анаға сәлем!», «Екеуміз», «Шыңдағы шынарым-ай», «Құштар көңіл» әндерімен халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Концерт соңында сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали кеш иесіне шалқар шабыт тілеп, аудан жұртшылығының атынан ризашылығын білдірді.

 Ақсұңқар СӘДІР,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале