23.12.2016, 9:45
Оқылды: 38

Жаңақалада «Қадыр оқулары» байқауы өтті

janakala_kadyr-okulariЖаңақала аудан орталығындағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша педагог-тәрбиешілері арасында аудандық «Қадыр оқулары» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығын дәріптеу, поэзия әлеміне сүйіспеншілікті арттыру, шығармашылықпен жұмыс істейтін һәм талантты педагог-тәрбиешілерді анықтау еді.

Байқаудың шымылдығын түру үшін сөз алған аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Мәншүк Имашева қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға аудан орталығы мен ауылдық округтердегі балабақшалардан 9 тәрбиеші қатысты. Олар алдын ала бекітілген байқау ережесіне сәйкес, өз өнерлерін ортаға салды. Алғашқы «Мен тәрбиешімін...» бөлімінде қатысушылар өз өздерін жыр жолдарымен таныстырса, «Шығармашылық шеберлік қоржыны» бағамында ақынның балаларға арнаған өлеңдерін жатқа оқыды. Келесі «Зияткерлік байқауында» кезеңінде Қадыр Мырза Әлінің шығармалары мен өмірбаяны тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Ал, соңғы «Ән - көңілдің ажары» сайысында шайырдың сөзіне жазылған әуезді әндерді шырқады.

Байқау қорытындысында жүлделі III орынды «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Нұрия Лұқпанова мен «Айдархан» шағын орталық тәрбиешісі Нұрила Ахметова еншіледі. «Жауқазын» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Айнұр Ахонова II орынды иеленсе, Карманов мектеп-балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Ихсанғалиева I орынды және облысқа жолдаманы қанжығасына байлады.

Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен, шағын естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқау соңында балабақша меңгерушілері, көрермендер сөз алып, жеңімпаздарды құттықтап, тілеулес екендерін білдірді.

Ақсұңқар Сәдір

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале