29.06.2018, 14:40
Оқылды: 89

Жаңақалада мал шаруашылығы тақырыбында оқыту-тәжірибелік семинары өтті

IMG_0001Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы «Хафиз» ШҚ негізінде «Қазақтың ақбас тұқымымен селекциялық асыл тұқымды жұмысты ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында өңірлік оқыту-тәжірибелік семинарын өткізді. Өңірлік семинарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарында орналасқан Палатаға мүше болып кіретін шаруашылықтардың басшылары мен мамандары қатысты.

Жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып қазақтың ақбас тұқымымен селекциялық асыл тұқымды жұмыстың жүргізілуі арқасында селекцияда жаңа технологияларды өндіру нәтижесінде малдың генетикалық әлеуетін жоғарылату және өнімділік қасиеттерін көбейтуді мақсат еткен өңірлік семинар теориялық және тәжірибелік бөліктерге бөлініп өткізілді. Семинардың теориялық бөлігі Қызылоба ауылдық округінің мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұхамбетжановтың төрағалығымен өткен семинарда қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының  Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі М.Балқыбаев, қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасы директорының орынбасары Қ.Ыдырысов, палата бас менеджері А.Мальчевский және палата менеджері А.Суминов баяндама оқыды. Олар өз баяндамаларында қазақтың ақбас тұқымымен селекция негіздері, селекциядағы іріктеулер және таңдаудыңмаңызы, дене бітімінің индекстері және олардың селекциядағы маңызы, етті ірі қара мал шаруашылығының асылтұқымды есебінің маңыздылығы, ірі қара мал шаруашылығындағы инбридинг туралы баяндап, кең ұғымды түсінік берді.

Семинардың пікір алмасу бөлігінде   Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Е.Насамбаев және палатаға мүше болып кіретін шаруашылық басшылары мен мамандары баяндама аясында өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Семинар барысында жаңа инновациялық технологиялар, оныңішінде «3D технологияларды пайдалануымен жасалған қазақтың ақбас тұқымының конституциясын және экстерьерін бағалаудағы интерактивті электрондық оқу құралының» тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар жаңа инновациялық технологияларды қолдану негізінде өңірлік семинардың қатысушыларына «СЭЛЭКС-Мясной скот» компьютерлік бағдарламасының БҚО «Хафиз» ШҚ негізінде қолдануының да тұсаукесері өтті. Баяндамашылардың сөзіне құлақ түрер болсақ бұл инновациялық технологиялар селекциялық асыл тұқымды жұмыстың жүргізілуін жеңілдетіп қана қоймай, көптеген  жұмысты едәуір жақсартады екен.

Одан әрі аумақтық семинардың практикалық бөлігі «Хафиз» шаруа қожалығының базасында жалғасты. Ауданымыздағы іргелі шаруашылықтың бірі саналатын «Хафиз» ШҚ-да  өткен семинарда аталмыш шаруа қожалығы өздерінің ерекшеліктері бар қазақтың ақбас тұқымының түрлі экстерьерлі-конституционалды түрлерін көртті. Сондай-ақ, «Хафиз» ШҚ басшысы Бекболат Жағыпаров қатысушыларды шаруашылық инфрақұрылымымен, ветеринарлы және қолдан ұрықтандыру бекетімен таныстырды. Сәтті өткен семинардың соңында ауданымызға келген қонақтар Жаңақала ауданында өсірілетін герефорд, абердин-ангус, қырдың қызыл сиыры сынды ірі қара малдардың және көшім жылқылары мен еділбай қойларының көрмесін тамашалады. Өңірлік семинарға қатынасушылар  семинардан үлкен серпіліс алып,  еліміздің негізі күнкөрісі саналатын мал шаруашылығын дамытуға өз септігін тигізердей  мол тәжірибе жинақтап тарқасты.

 Н.ҒАББАСОВ

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале