27.05.2020, 18:05
Оқылды: 210

Жаңақалада мешіт жанынан асхана құрылысы басталды

Мешіт - Алланың жердегі үйі. Бұл жерде тек қана құлшылық қана емес, балаға ат қою, неке қию сынды жоралғылар жасалады. Бір сөзбен айтқанда, халық үзілмейтін киелі орын. Соңғы жылдары садақа беретін жандардың да қатары көбейіп келеді. Мейрамханалардың бағасы қымбат, кез келген адамның қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Жаңақалада мешіт жамағаты асхана салуды бастап кетіпті.

D2AC1345-7ADA-4B9F-9918-C446E2A5AFAF

Бұл туралы осы іске бастамашы болған Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Ерік Сұлтановқа барып, құрылыс қашан, қалай басталғанын білдік. Бас имам Ерік Қонақбайұлы бізге біраз жайды әңгімелеп берді.

ABFADF20-4C21-4E35-A13B-5211C6007631

«Асхана салу туралы ой 2018 жылы келді. Мешітіміз бар, шағын медресеміз бар, оның жанынан ел игілігі үшін қызмет жасайтын асхана болса, нұр үстіне нұр болар еді деген ой қылаң берді. Алла нәсіп етіп, жамағатпен бірлесіп, 2019 жылы іргетасын құйдық. Ұзындығы 20 метр, ені 8 метр болатын асханаға жалпы саны 250 адам сияды. Қаражат мәселесіне байланысты асхана құрылысы 2020 жылға қалған еді. Биыл сәті түсіп қайта қолға алып жатырмыз. Ауылға болсын дейтін азаматтар бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерден жазбалар жариялап, халықтың назарын бұруға себепші болды. Қарапайым халық қолдап 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналды. Сол ақшаға тасын, цементін алып, іске кірісіп кеттік. Алдағы уақытта халықтан көмек тоқтамайды деген үміттеміз» деп бастады бас имам асхана туралы әңгімесін. Асханаға қажетті материалдар алынғасын ауыл азаматтары келіп өздері ықылас танытып, әркім қолынан келгенше қызмет көрсетіп жатыр екен. Асхананы салуға жәрдемдесіп жатқан жігіттердің барлығы Алла разылығы үшін тегін жұмыс істеуде. «Бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас» шығарып, жұдырықтай жұмылып жұмыс жасап жатқан жандарға қарап сырттай сүйсінесің.

«Жыл сайын Рамазан айында ауызашар мешіттің ішіне беріледі. Ақшамнан кейін құптан намазының уақыты тез келіп қалады. Сол кезде орынын жинап үлгеру де қиындау. Бұл асхана ойдағыдай салынып бітсе, келесі Рамазан айында ауызашар үшін жақсы болмақ. Асханадан ауыз ашып, мешіттен намазын оқыса халыққа ыңғайлы ғой. Құрылысты мамыр айында бісмиллә деп бастадық. Алла амандығын берсе, қазан айларында бітіреміз деген жоспарымыз бар. 11 мамырдан бастап мешітте ауызашар беріледі деген ақпарат болды. Сол кезде ауылдың азаматтары бірігіп, қалған он күнге ауызашар беруге сөйлесіп, күндерді бөліп алған болатын. Одан кейін карантин режимі ұзартылып, мен оларға хабарласып мән-жайды түсіндіріп айттым. Асханаға көмек қолын созуға шақырдым. 1993 жылғы жігіттер үлесіміз болсын деп 116 мың теңге беріп кетті. 1988 жылы туған жігіттер де өз үлестерін қосты. Қалған азаматтар да көмектен аянып қалмас деп ойлаймын» дейді бас имам Ерік Қонақбайұлы жамағатқа үміт артып.

Мешіт ісіне атсалысу - үлкен сауап. Адамдардан алғыс алсаңыз, Алладан сауап аласыз. Келген мүмкіндікті қалт жібермей аудан тұрғындары қолдарынан келетін іске көмек етсе, мешіт жанындағы асхана тезірек бітпек. Міндетті түрде ақшалай көмектесу шарт емес. Біреу есігін, біреу терезелерін алып берсе, енді біреу ішкі жұмыстарына қажетті заттармен қамтыса, көп болып көрінген жұмыс азаймақ. Қол көмегін көрсету де азаматқа тән нәрсе. Тасын тасып, сазын езсе, сылауға қол ұшын созса, бұл да зор көмек болмақ. Ел болған соң қуанышы да, қайғысы да болады. Қазаларда, садақаларда бұл асхананың атқарар рөлі зор болмақ. «Көп түкірсе көл» дейді дана халқымыз. Сол себепті бәріміз осы істің бітуіне септігімізді тигізейік құрметті жерлестер. Мешіт асханасына қандайда бір көмек етемін деген жандар бас имам Ерік Қонақбайұлына жолықса, «екі қолға бір күрек» табылады. Біз ондай жандардың көп екендігіне шүбәсіз сенеміз.

Жанайдар Болатбекұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Айдар Сатыбаев, жастар өкілі:

E874CAE7-CBB7-46A4-8B1F-5629845B0D20

- 2011 жылғы мектеп түлектері ауызашар берсек деп жиналдық. Бас имам карантин режимінің ұзартылуына байланысты ауызашар берілмейтіндігін, жиналған қаражатты асхана салуға беруге болатындығын айтып жеткізді. Бірауыздан қаражатты асхана салу ісіне беретін болып шештік. Ешкім қарсы болмады. Мың айдан да қадірлі һәм қасиетті айда мешіт асханасына көмектескенімізге қуаныштымыз. Бұл ісімізді қолдаушылар табылып жатыр. Алдағы уақытта жастар жағы одан әрі қолдап, көмектеседі деп ойдамыз. Барлық жастарды сауапты іске шақырамыз.

Саламат Сертеков, жеке кәсіпкер:

056631EC-A611-42EC-AA26-B739BA465B5D

- Мешітіміздің жанынан асхана салынып жатқанын әлеуметтік желіден байқап қалдым. Одан кейін аяқтай келіп құрылысын көрдім. Төбесін жабуға профлист алып бермекпін. Ауылдағы тұрғындар үшін бой көтеріп жатқан құрылысқа көмектесу азаматтық парызым деп білемін. Өзге де кәсіпкерлерге айтып, көмектесуге шақырып жатырмын. Көмектесеміз деп жатыр айтқан жандар. Бір адамның қолынан келмейді ғой. Бәріміз біріксек сәтімен бітеді. Сол себепті қалталы азаматтарды игілікті іс жасауға шақырамын.

 Мешіт асханасына көмектесу үшін реквизиттер:

Kaspi Gold үшін телефон нөмір - 8778-296-99-87

ЖСН 870624351403

Kaspi Gold: 5169-4971-7414-1055

Halyq Bank: 4390-8782-9158-8068

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале