10.05.2018, 15:20
Оқылды: 44

Жаңақалада «Толағайлар тартысы» өтті

Отан қорғаушылар күніне арналған аудандық «Толағайлар тартысы» атты күштілер сайысы өтті. Сайысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Жарыстың мақсаты – ауданда ауыл тұрғындары арасында спорт арқылы достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, Отан қорғаушылар күнін кеңінен атап өту.

Сайысқа 7 жігіт қатысып, өз бақтарын сынады. Ерлердің бойындағы қара күшін сынаған жарыс 3 кезеңнен тұрды.

Алғашқы кезеңде қатысушылар «К-700» маркалы ауыр көліктің салмағы 350 келі тартатын тегершігін (покрышка) орынынан аударып, 15 метр қашықтыққа жылжытып апарды. Содан соң ішінде 80 келі су толы бөшкені көтеріп, белгіленген орынға жеткізді. Сосын бір-біреуінің салмағы 32 келі  тұратын 4 дана гір тасын қатар көтеріп, 15 метрге жеткізу керек болды. Алайда бұл сын жігіттерге оңай соқпады. Қиналды, терледі. Десе де, намысқа тырысып бақты. Әйтеуір елдің алдында жерге қарап қалмады. Келесі бөлімде  білегі мықты жігіттер екі аяқты тіреуішке тірей отырып, жигули автокөлігін қолмен тартып, сүйреді. Артынша азаматтар арқанды иыққа іліп алып, УАЗ автокөлігін 15 метр қашықтықта жұлқи сүйреп, ауыр көлікті орнынан жылдам қозғады. Төрешілер әр бағам бойынша уақыт есептеп, хабарлап тұрды.

Жалпы бұл жарысқа қатысқан жігіттердің өнеріне аудан тұрғындары мен қонақтары, барша көрермендер тәнті болды. «Өз арамызда да алып күш иелерінің бар екен ғой» деп таңданып жатты.

Сонымен жарыс қорытындысында Жаңажол ауылынан келген А.Есімов I орынды жеңіп алса, жаңақалалық Ә.Мұратов II орынға табан тіреді. Ал Жаңақала колледжінің оқытушысы А.Құрметов III орынды иеленді.

Жарыс жеңімпаздарын аудан әкімі Н.Қарағойшин марапаттап, ақшалай сыйақылар мен арнайы дипломдар табыстады.

Алтынбек СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале