8.05.2019, 15:27
Оқылды: 41

Жаңақалада «Толағайлар тартысы» өтті

Сайысты Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің аудандық «Jastar» спорт клубы ұйымдастырды.

 IMG_4068

         Ерлердің бойындағы қара күшін сынаған жарыс 3 кезеңнен тұрды.

         Алғашқы кезеңде қатысушылар бір-біреуінің салмағы 32 келі тұратын 4 дана гір тасын қатар көтеріп, 20 метрге жеткізу керек болды. Содан соң салмағы 80 келі қапшықтағы құмды көтеріп, белгіленген орынға жеткізді. Бұдан кейін «К-700» маркалы ауыр көліктің салмағы 350 келі тартатын тегершігін (покрышка) орнынан аударып, 20 метр қашықтыққа жылжытып апарды. Алайда, бұл сын жігіттерге оңайға соқпады. Қиналды, терледі. Десе де, намысқа тырысып бақты.

          Келесі бөлімде білегі мықты жігіттер екі аяқты тіреуішке тірей отырып, лада грант автокөлігін қолмен тартып, сүйреді. Артынша азаматтар арқанды иыққа іліп алып, 1 емес 2 УАЗ автокөлігін 20 метрға жұлқи сүйреп, ауыр көлікті орнынан қозғады. Алайда бұл турда 9 қатысушының арасынан 3 жігіт ғана салмағы 4 тоннадан асатын 2 автокөлікті сүйрей алды.

         Жалпы «Толағайлар тартысы» басталғаннан бастап, төрешілер әр бағам бойынша уақыт есептеп, хабарлап тұрды.

         Дүбірі алыстан естілген додаға қатысқан жігіттердің өнеріне аудан тұрғындары мен қонақтары, барша көрермендер тәнті болды. «Өз арамызда да алып күш иелері бар екен ғой» деп таңданып жатты.

         Сонымен жарыс қорытындысында Қызылоба ауылынан келген Темірлан Хафизов (лақап аты – «Қызылоба арланы») I орынды жеңіп алса, жаңажолдық Ақберген Есімов (лақап аты – «Жаңажол толағайы») II орынға табан тіреді. Ал мәстексайлық «Тайлақ» атымен ортаға шығып, бойындағы бұла күшін көрсеткен Мейрамбек Малдыбеав III орынды иеленді.

         Айта кетсек, білектілігі мен жүректілігін қатар ұстаған, қара күш иелерінің өнерін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин бастаған аудан тұрғындары тамашалады.

         Жарыс жеңімпаздарын аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, аудан әкімінің орынбасарлары Асқар Жомартұлы мен Жасұлан Сәкенұлы марапаттап, ақшалай сый мен арнайы диплом табыстады.

Алтынбек Серікқалиұлы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

60162710_134025411018539_3356126945908621312_n IMG_4032 IMG_4038 IMG_4155

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале