8.10.2018, 17:57
Оқылды: 159

Жаңақаладағы М.Жүнісов атындағы мектепке 150 жыл толды (ФОТО)

Биыл Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылдық округінде орналасқан М.Жүнісов атындағы мектепке 150 жыл толды.

muzei (12)

         Ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті жұрттың сауатын ашуға сеп болып, тарихтан сыр шертіп келе жатқан шежірелі оқу ордасы, қазіргі кезде облыстағы ғана емес, республикадағы маңдай алды мектеп саналады. Ұжымның қай жағынан да мақтанып айтар жетістіктері де баршылық. 150 жыл толған мерейлі мерекені жаңақазандық жұртшылық пен мектеп ұжымы үш күн бойы дүрілдетіп атап өтті.

Дүбірлі тойдың алғашқы күні, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында мектептің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс қақпа орнатып, мерейтойға тарту жасады. Аталмыш қақпаның салтанатты ашылуына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов, Жаңақазан ауылдық округінің әкімі С.Губашев және мектеп түлектері мен ауыл ақсақалдары қатысты. Кіреберіс қақпаның ашылу салтанаты одан әрі дала қызықтарына жалғасты. Бұл жерде мерекеге жиналған жұртшылық тай жарысы, ат жарысы және аламан бәйгені қызықтап, спорттық ойындарды тамашалады.

         Екінші күні мектеп оқушылары Тихон Әліпқалиұлы, Ербол Ғұмарұлы және тағы да басқа елге танымал мектептің түлектерімен «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты дөңгелек үстелде кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдемі әңгіме өрбітті. Сонымен қоса бұл күні мектептің мерейтойына орай ұйымдастырылған Сатым Әбуұлы атындағы жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир өтті. Ашық турнирге Орал қаласы, Ақжайық, Қазталов, Қаратөбе, Бөкей орда аудандарымен қатар, ауданымыздың Жаңажол, Қызылоба, Жуалыой сынды ауылдары мен елді мекендерінен 200-ге тарта жас балуан қатысты. Спорттық шараның ашылуына Сатым Әбуұлының ұрпақтары қатысып, марқұмның ұлы Б.Сатымұлы сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

         Ал думанды тойдың соңғы күнінде аттары ауданымызға ғана емес, бүкіл қазақ даласына танымал болған аталмыш мектептің түлектері өздеріне қанат бітіріп, үлкен өмірге жол көрсеткен білім ордасында бас қосты. Сонымен қоса мектептің 150 жылдығына ел тәуелсіздігінің өркендеуіне үлестерін қосып жүрген осы топырақтың төл тумалары, мектеп түлектерімен қоса облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, ҚР-ның Парламенті сенатының 3 шақырылымының депутаты Рашид Ахметов, 2013-2017 жылдары ҚР Қорғаныс Министрінің орынбасары лауазымын атқарған, жерлесіміз генерал-лейтенант Оқас Сапаров, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев, педагогика ғылымының докторы, профессор Нәсіпқали Дәулетов, ҚР құрметті журналисі Тихон Әліпқалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Жасқалиева  және ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Ғабдірашит  Қарменов жиынның құрметті қонағы болып қатынасты.

          Қонақтар алдымен мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті 2 млн. теңгеден астам қаражатына жасақтап берген мәжіліс залының ашылу салтанатына қатысты. Бұл жерде алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қазақ даласында ашылған алғашқы мектептердің тарихына шолу жасай отырып, мектеп ұжымын мерекемен құттықтады.

         Одан әрі қонақтар  жергілікті бюджеттің 7 млн. теңгесіне жасақталып, жаңартылған мектеп музейінің ашылу салтанатына жиналды. Мектептің, қала берді ауылдың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерін тамашалаған үлкендер, өткен өмірлеріне бір сәт саяхат жасағандай әсер алды. Сонымен қоса мереке қонақтары мектеп ауласына бюджеттің 9 млн. теңге қаржысына салынған жаңа үлгідегі шағын футбол алаңының ашылуына қатынасып, облыс әкімінің орынбасары мектеп оқушыларына былғары доп сыйға тартты.

          Спорт алаңының ашылуы әрмен қарай тал отырғызу рәсіміне жалғасты. Мерекеге орай Ленин орденінің иегері, осы мектепте ұзақ жылдар биология пәнінен сабақ берген Ғұмар Салықовтың ұлы Ербол Салықов игі іс жасауда әке жолын қуып, өз мектебінің 150 жылдығына 150 түп тал  тарту еткен болатын. Сол талдарды мектеп ауласына отырғызды.

          Мәдениет үйінде аталмыш мерекеге орай «Тарихы шежіре, тағылымы мол оқу ордасы» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты шара аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің құттықтау сөзімен ашылды. Аудан әкімінің құттықтау сөзінен соң сахына төріне облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов облыс әкімі Алтай Сейдірұлының атынан мектеп ұжымы мен барша мектеп түлектерін және ардагер ұстаздарды атаулы мерекелерімен құттықтап, кеше ғана жолданған Елбасының кезекті жолдауындағы ұстаз мәртебесі аясында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар мектеп директоры Аида Губашеваға облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, оқушыларға  домбыра сыйға тартты. Мұнан соң сөз кезегі мектеп түлектері мен мереке қонақтарына берілді. Олар өздерінің жүрекжарды тілектерін жолдап, мерекеге орай мектепке естелік сыйлықтарын сыйға тартты. Соның ішінде ҚР-ның Парламенті сенатының 3 шақырылымының депутаты Рашид Ахметов өзінің алғашқы депутаттық төсбелгісін жаңадан жасақталған мектеп музейіне тарту етті. Сондай-ақ, шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен 1949 жылғы мектеп түлегі, ҚазССР-дің халық ағарту ісінің үздігі Бибатша Жұбанғалиева мектептің іргетасы қаланған уақыттан бастап, қазіргі кезге дейінгі тарихынан сыр шертетін «Алыптар ұшқан алтын ұя» атты кітаптың тұсауын кесті. Салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздыры мен мектеп түлектерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Н.ҒАББАС,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

IMG_8397 IMG_8433 muzei (2) muzei (4) muzei (5) muzei (7) muzei (9) muzei (10) muzei (11) Темирболат Токмамбетов2 Темирболат Токмамбетов4 Темирболат Токмамбетов05 Темирболат Токмамбетов5 Темирболат Токмамбетов06 Темирболат Токмамбетов07 Темирболат Токмамбетов7 Темирболат Токмамбетов08 Темирболат Токмамбетов8 Темирболат Токмамбетов09 Темирболат Токмамбетов10 Темирболат Токмамбетов12 Темирболат Токмамбетов13

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале