10.07.2020, 10:59
Оқылды: 373

Жаңақаладағы нысандар құрылысы - қоғам назарында

Қазіргі таңда Жаңақала ауданы көлемінде 6 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанынан көзі қарақты оқырмандарымыз хабардар. Оған аудан бойынша 236 адам жұмысқа тартылған. Өткен аптада аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Декартұлы мен қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Оразәлиев 6 нысанның барлығына аяқтай барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.

5B3081F4-A5DB-494D-A0A7-4655D8023139

Нысандарды аралау барысында Қызылоба ауылында тартылып жатқан су құбырының жанында тұруы тиіс қауіпсіздік лентасы жоқ болып шықты. Ал Пятимар ЖОББМ-нің жөндеу жұмыстарында жүрген жергілікті жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген. С.Меңдешев ауылдық округінде де су құбыры тартылуда. Ал мердігер компания жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамай жатқаны белгілі болды.

62DF2AD1-1B97-4B78-BB87-E566BBCE102F

Жаңақазан ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан М.Жүнісов атындағы ЖОББМ-де және Жаңажол ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан мәдениет үйінің құрылыс нысанында да олқылықтар анықталды. Мердігер компания кіре беріске антисептик қоймаған. Қоғамдық кеңес төрағасы А.Декартұлы сол жағын ескертті. Қоғамдық кеңес мүшелері ескерту жасаған нысандарды бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді. Алты нысанның барлығына ескерту жасалды. Алдағы уақытта бұл нысандар кері тексерілетін болады.

Жанайдар Жұмағұлов,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале