4.02.2019, 19:05
Оқылды: 93

Жаңақаладағы оқыс оқиғаның жай-жапсары анықталды

Жақында Жаңақала ауданы орталығында қайғылы оқиға орын алған болатын. Ішімдіктің буына мастанған аудан жастары бір-бірінің сөздерін көтере алмай, өзара дауды жұдырықпен шешуге тырысқан. Өкінішке орай төбелестің арты адам өліміне әкеліп соқтырды. Бұл қанды оқиға аудан тұрғындарын бейжай қалдырмады. Бүгінгі таңда адам өліміне әкеліп соққан оқыс оқиға мінберлерде айтылып, әлеуметтік желіде тарап, аудан тұрғындары арасында талқылануда. Көптің үрейін тудырған қылмысты оқиғаның анық-қанығын біліп, дәлелді түрде тұрғындар назарына ұсыну мақсатында құзырлы органдардың мамандарымен тілдестік.

janaqala

         - Аталмыш оқиға 2019 жылдың 28 қаңтары күні шамамен сағат 22:30-да басталған. Алдымен 1998 жылы туған А. есімді азамат қасындағы досымен Мирманов көшесі бойында орналасқан «Бозбаев» кафесіне келіп, кафеде отырған бір топ ауыл жасымен кездеседі. Олармен бірге отырып спирттік ішімдік ішкен. Отырыс барысында А. мен сол жерде отырған Б. есімді азамат арасында келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Кейкілжің одан әрі кафе сыртында жалғасып, қасындағы достарының ажыратуымен екеуі үйлеріне қарай беттеген. Үйлеріне кетіп бара жатқан кезде жолдары қайта түйіскен жастар әрмен қарай бір-бірін балағаттап, сол жерде қайтадан төбелес басталады. Төбелес барысында А. кафеде бірге отырған М. есімді азаматты пышақпен жарақаттаған. Өзінің өміріне қауіп төнгенін білген М. ол жерден қашып құтылып, 1-ші Мамыр көшесінде орналасқан «Сабен» дүкенінің қасына жетіп құлаған. Ал А. болса қылмысын жалғастырып, Г. есімді азаматқа да екі рет пышақ жұмсаған. Осы оқиғадан кейін А. қасындағы досымен бірге қылмыс болған жерден бой тасалайды. Нәтижесінде жәбірленуші М-ның ес-түссіз жатқан жерінен сағат шамамен 00:30-да Е. есімді ауыл тұрғыны көріп қалып, жеке автокөлігімен аудандық орталық аурухана жеткізген. Сол жерде М. есін жимастан бақилық болған. Ал Г. өзі ауруханаға келіп, оған сол бойда алғашқы жедел жәрдем көмегі көрсетілген. Қазір бұл қылмыс бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыскерлер кінәларын толық мойындап отыр,- деген аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Өтеш Абуғалиев, қылмыс жасаған А. есімді азаматтың бұрында бірнеше мәрте ұсақ қылмыс жасап, заң алдында жауап бергендігін айтты.

Ал операция үстінде қайтыс болған М-ға ота жасаған аудандық орталық аурухананың хирургі Азамат Дияров оқиғаны былай баяндады.

- 29 жастағы М. есімді азамат қаңтар айының 28-нен 29-на қараған түні сағат 00:35-да ауыл тұрғынының автокөлігімен аудандық аурухана жеткізілді. Ауруханаға жеткізілген бойда кезекші дәрігер қабылдап, лабораториялық анализдерін сол жерде алған. Тексерген кезде науқастың жағдайы өте төмен болған. Қан қысымы түсіп кеткен, далада біраз уақыт жатып қалуы себепті денесі салқындаған. Науқасты қараған кезде алдыңғы іш қабырғасының сол жақ кеуде қуысындағы жарақат анықталды. Сол бойда жедел операция жасау тобын шақырып, ота жасадық. Ота барысында іш қуысында 2,5 литрдей қан жоғалтқаны және аш ішек шажырқайларының зақымданғаны анықталды. Операция үстінде сағат 03:05-те науқастың жағдайы нашарлап, қан қысымы түсіп кетті. Сол бойда реанимациялық шара жүргіздік, бірақ оған қарамастан науқастың жүрегі тоқтап, биологиялық өлім тіркелді,-деген хирург, зардап шегуші ертерек жеткізілгенде аман алып қалу мүмкіндігінің болғанын айтты.

Ал әлеуметтік желіде немесе кейбір аудан тұрғындарының арасында «ішек қарыны ақтарылып қалыпты» деген пікір туралы сұрағанымызда Азамат Дияров: «Ондай жарақат болған жоқ. Алдыңғы ішкі қабырғасына 2 см. шамасында тесіліп-кесілген жарақат болды. Сол жарақаттан ішкі шашырқайы (іш майы) шығып, жараның аузын бітеп тастаған. Сол себепті қан сыртқа шыға алмай, іш қуысына жиналып қалған» деп  нақты жауап беріп, бұл пікірлерді жоққа шығарды.

- Көлігімді жөндеп, түнде үйіме қайтып келе жатқан кезде автокөлігімнің жарығына жерде жатқан бір адам түсті. Мас болып ұйықтап қалған біреу шығар, үйіне жеткізейін деп тоқтағанымда киімі түріліп, іші ашық жатқанын және іш жағында қансыраған жарақаты барын көрдім. Сол бойда қан тамырының соғысын қарап, дем алысын тыңдадым. Жүрегі соғып, демалып жатырғанына көзім жеткесін, машинама көтеріп салып, ауруханаға жеткіздім. Ал ішінен ақтарылып жатырған еш нарсе көрмедім. Ол жерде жарақатына қарайтын уақытта болмады. Дегенмен жарақатынан бір кішігірім нәрсенің шығып тұрғанын байқадым,-деген М. есімді азаматты ауруханаға жеткізген Е. есімді ауыл тұрғыны жоғарыдағы пікірлердің шындыққа жанаспайтынын аңғартты.

Ауданның имамы, теолог маман Ерік Сұлтанов болса қылмысты оқиғаға қатысы бар А. есімді азаматты өзі қызметке келген 2017 жылдан бері мешіт жанынан көрмегенін айтты. Мешіт жамағатынан сұрастырғанында бұл баланың бұрын анда-санда мешітке келіп-кетіп жүретіндігі және оның жүріс-тұрысынан теріс ағымның іс әрекеті сол кезде байқалып жүргендігін айтқан.

Иә, ауданда бір отбасының қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаның болғаны шындық. Бұл оқиға не дінге, не басқаға байланысты емес, кәдімгі ауыл тентектерінің мас күйінде, яғни сол баяғы шайтан судың кесірінен болғандығы анық.

Ендігі жерде «бармақ басты, көз қыстыға» салынбай, қанды оқиға қатысты қылмыскерлер заң бойынша тиісті жазаларын алулары қажет. Ауыл тұрғындарының сұрауы да осы.

Нұрғали Ғаббас,

Жаңақала ауданы

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале