5.12.2019, 11:58
Оқылды: 141

Жаңақаладағы оңалту орталығына 10 жыл

2009 жылы Жаңақала ауданы орталығында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде және халықтың сұрауымен, Парламент депутаттарының ықпалымен «Капустин Яр», «Азғыр» полигондарынан зардап шеккен адамдарды сауықтыру бағытында 100 орындық «Аудан аралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы салынды.

janaqala ortalyq (1)

Медициналық-психологиялық стандарт бойынша кешенді оңалту көмегін көрсететін оңалту орталығының салынуын сұрап, жергілікті парламент депутаттарының мәселе етіп көтеруіне бірден бір себепкер «Нарын» қоғамдық ұйымының жетекшісі болған Кәкен Көбейсінов еді. Оңалту орталығында қазіргі таңда озық медициналық технологияны қолдана отырып, сапалы, мамандандырылған медициналық көмек көрсететін, емделушілердің денсаулығын жан-жақты қамтамасыз ететін, яғни күн санап белсенді өмір сүруге күш-қуат бере білетін 6 дәрігер, 29 мейірбике жұмыс жасауда. Орталықтың негізгі емінің көзі – емдік дене шынықтыру жаттығулары. Сонымен қоса мұнда тұзды шахтамен емдеу, оттекті коктейль, балшық, парафинмен емдеу, хауыз, бальнеологиялық тұзды ванна, уқалау-ысу және тағы да басқа емдеу түрлері бар. Батысқазақстандықтар үшін орны бөлек оңалту орталығынан бүгінгі таңға дейін 17 812 адам ем алған екен.

Облыс аудандарымен қоса республикамыздың түрлі өңірлерінен, тіпті көршілес Ресей елінен де ем іздеген науқас жандар осы оңалту орталығына бірнеше мәрте келіп, дертіне шипа табуда. Емделушілердің мұнда жыл құсындай қайта айналып соғуын орталықтың беретін емінің жемісі деп білеміз. Басы ауырып, балтыры сыздағанның дертіне дауа тауып, құлазыған көңілдерді жұбатып, ұжымы жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген оңалту орталығының ашылғанына да бақандай 10 жыл.

janaqala ortalyq (3)

Жақында  «Аудан аралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының ашылғанына 10 жыл толуына орай аудандық мәдени-демалыс орталығында мерекелік концерт, салтанатты шара өтті.

Жиында ең алдымен аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы абзал жандарға толағай табыс тілеп, жемісті еңбектері үшін зор ризашылығын білдіріп, білікті дәрігерлерге алғыс хат табыс етті.

janaqala ortalyq (4)

Кеш барысында «Аудан аралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының директоры Қоблан Бекенов, орталықтың ардагер дәрігері Қозыкеш Қасымұлы, республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есім Бектілеуов, ҚР құрметті журналисі Еламан Әйпішев, аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғалилар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жолдады. Сондай-ақ бірқатар сала маманын алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат тарту етті.

Шарада сауықтыру ұжымы және басқа аудандардан келген ем алушылар өнерлерін паш етіп, әуезді ән шырқап, жырдан шашу шашты. Кеш соңында Сырым, Теректі, Ақжайық аудандарынан келген ем алушылар сауықтыру ұжымын 10 жылдық белесімен құттықтап, игі шараға мұрындық болған аудан әкімдігіне ризашылық білдірді.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале